ҚАРАСАЙДЫҢ АЛМА БАҚТАРЫ

0

Қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшы, есімі батырлықтың ұранына айналған атақты Қарасай батыр ауылы аудан орталығынан жүз шақырым жерде орналасқан. Бір кездері айналаға ал қызыл алмасымен танылған ауылдың азаматтары бүгінде құрдымға кеткен кәсіпті қайта түлетіп, елді мекеннің тамырына қан жүгірткен.

Әу бастан ауызбіршілігі және еңбекқорлығымен өзгелерге үлгі болған Қарасай батыр ауылының тірлігі түзу. Жергілікті тұрғындардың дені бау-бақша өсірумен айналысса, қалғаны төрт түлігін көбейтіп, ата кәсіпті өрге сүйреп отыр. Сүттей ұйыған ауылдың азаматтары мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудан да кенде емес. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында округке қарасты қос ауылды дамытуға қомақты қаражат бөлініп, Қарасай мен Еңбектің жиырма үш көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Саламаты өмір салтын қалыптастыру мақсатында екі бірдей заманауи шағын футбол алаңы бой көтерсе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Қарасай ауылындағы «Қарасай баба» ескерткішінің маңындағы саябақ қоршалып, жарық шамдары орнатылды. Округ әкімі Күлжахан Елемесованың айтуынша, былтыр №20 Алмалы орта мектебіне де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту қазандығы ауыстырылған.

Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар мен жаны жомарт жандар да шама-шарқы жеткенше ауыл әкімдігінің бастамаларына қолдау танытып, округтің гүлденуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Мысалы, «Жомарт түлек» жобасы аясында Жақсылық Сатылғанов ауылға 50 қайың, 30 қарағай және ондаған түрлі жеміс ағаштарының көшеттерін сыйға тартып, елді мекенді абаттандыру жұмыстарына қолдау көрсетті. Ауыл тумасының бүгінде Талғардағы агробизнес және менеджмент колледжінің басшысы қызметін атқарып, өзге жерде тұратындығына қарамастан, туған ауылын ұмытпай қамқорлық көрсететіні, әрине өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жағдай.

«Облыс басшысының бастамасымен қолға алынған бұл игі шара біздің ауылымызда да кең көлемде қолдау тапты. Осыны тура түсінген тұрғындар «Жомарт түлек» акциясының жүзеге асырылуына жаппай атсалысып, Жақсылық Сатылғановтың бастамасын бүгінде жастарымыз белсенді түрде жалғастыруда», — дейді ауылдық округтің әкімі Күлжахан Елемесова.

Жалпы, әрбір іске асарлата атсалысып, ауылға ортақ әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді шешуде қарасайлықтар алдына жан салмайды. Осындай киелі өлкеде туып-өскен азаматтардың бірі ауылға кіреберістегі «Қарасай ауылдық округі» деген стелланы орнатуға ұйытқы болса, ендібірі стрит-воркаут алаңы мен көше шамдарын орнатуға септігін тигізуде.

Жақында ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері ауыл тұрғындары және эколог мамандармен бірлесе ауылдағы саябақ пен Қарасай батыр ескерткішінің маңын абаттандырып, қоршауын жөнге келтірген. Осы тұста олардың ауылдық округ әкімдігінің аумағын адам танымастай етіп өзгертіп, ретке келтіргенін айта кеткен жөн. Аумағы бір гектардан асатын әкімдік ғимаратының айналасындағы гүлзарлар алуан түсті гүлмен көмкеріліп, жүздеген түп қарағай, қайың, алма, алмұрт, шие ағаштарының көшеттері отырғызылған. Мамандар мұнымен қоса нысанның қоршауын жаңартып, жарық шамдарын жүргізіп, балалар ойын алаңшасының құрылысын бастап, биік ағаштардың саясына оншақты орындықтар орнатқан. Қысқасы, ауыл әкімдігіне келген әрбір жан құдды бір саябаққа келгендей әсерде қалады. «Барлығы білікті де еңбекқор эколог мамандарымыз бен жерлестеріміздің арқасы. Қолдарынан келмейтіндері жоқ. Арасында бағбандары да, дәнекерлеушілері де, ағаш ұсталары мен қолынан құрылыс жұмыстары келетіндері де бар. Жақын арада махаббат алеясын салуды ойластырып отырмыз», — дейді алдағы жоспарларымен бөліскен ауыл әкімі.

Байқағанымыздай ауылда атқарылған іс аз емес. Алайда, жеткен жетістікке тоқмейілсімейтін қарасайлықтар бір кездері ауылдың атын «алты алашқа» дүркіреткен алма бақтарын қайта түлетуде. Естеріңізге сала кетсек, бір кездері «Алмалының» алмасы Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесіне дейін шығарылған. Жерлесіміз, сол кездегі Қордай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Берден Байқошқаров «Қордайдың бүгіні мен ертеңі» атты естелік кітабында «Алмалы» созвхозындағы өндірістік бақтардың іргесі 1957 жылы қаланғанын жазады. Онда 1979 жылы екі мың гектарға жуық алқапқа жеміс ағаштары отырғызылып, 50 гектарға жеміс-жидек егілгені айтылады. Өкінішке орай, тоқырау жылдары бұл бақтар иесіз қалып, ауылдағы шарап зауытының жұмысы біржолата тоқтады…

Алайда, табаны күректей отыз жылда тәуелсіздікке табан тіреп, етек-жеңін жинаған еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Еңбек етем, келмеске кеткен кәсіпті қайта түлетем деген еңбекқор азаматтар алма бақтары секілді ұзақ мерзімді жобаларды қолға алды. Осының арқасында қазір ондаған шаруашылық аталмыш кәсіппен айналысып, ауылдың тамырына қан жүгірді. Осы орайда заманауи технологиялардың көмегімен қарқынды алма бақтарын дамытуды қолға алған «Азия сад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайында айтпасқа болмас. Серіктестік осыдан бірнеше жыл бұрын 120 гектардан астам аумаққа алманың «голден делишес», «рэд делишес» және «гала» сұрыпты көшеттерін отырғызған. Бұл істі жүзеге асыруға агроқұрылым өз қаражатымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алған 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жұмсаған. Осылайша, жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгені құраған. Мұндағы 300 мың түптен астам алма ағаштары арнайы бағаналарға тартылған сымдарға байланады. «Бұл дамыған мемлекеттерде қолданылатын алдыңғы қатарлы заманауи технология. Осының арқасында жеміс ағаштары желге төзімді келеді. Әрбір түп тамшылатып суғару жүйесі арқылы суғарылады. Алқаптағы ағаштарға тұрақты түрде отыздан астам жергілікті тұрғындар күтім жасайды. Жақында жемістерді қатты нөсер, бұршақ, жел мен құстардан қорғайтын тор тартылды. Бұл әрине, өнімнің көлеміне оң әсер етеді. Жиналған жемістерді сақтайтын заманауи қойма салынуда», — деген серіктестік жұмысшысы Азамат Бәйтереков шаруашылықта су үнемдеу технологияларының арқасында суармалы су жеткілікті екенін алға тартты.

Суармалы су демекші, осыдан бірнеше жыл бұрынғы ауылдағы әкімнің есепті кездесулерінде дәл осы қырғыз елінен келетін суармалы судың жайы тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін. Тіпті, аудан басшысы Рүстем Дәулет қарасайлықтар су алатын «Ақжал» каналының бір тармағы саналатын «Колос» каналының жайын бірнеше мәрте өзі көріп, шаруалармен талай мәрте кездесу де өткізген болатын. Осының арқасында көп ұзамай шекарада қалып қойған каналдың мемлекеттік актісі жасалып, «Казсушардың» қарамағына өткен болатын. Енді міне, биыл суармалы су мәселесіне алаңдаған тұрғындардың айы оңынан туып, Қырғызстаннан келетін «Колос» магистральді каналының үш шақырымы салынды. Бұл жұмыстарды «Ақтөбе строй сервис» ЖШС жүргізіп, мемлекет тарапынан бөлінген қомақты қаражат толығымен игерілген.

«Талай жылдан бері жауыр болған суармалы су мәселесінің біршама шешілгеніне шын мәнінде қуаныштымыз. Осы істің басы-қасында болған аудан басшысы Рүстем Дәулет пен өзге атқамінер азаматтарға алғысымыз шексіз. Міне, осыны біз нағыз халқына, еліне деген жанашырлық, қамқорлық деп білеміз. Лайым осылай болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», — деген ауыл ақсақалдары аталық батасын берді.

Әлібек ОСПАНОВ

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.