ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

0

Қадірменді аға буын өкілдері, Сіздерді 1 қазан — Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймыз!
Ізгілік жолын ұстанған көптеген елдерде қарттарға айрықша құрмет көрсетіледі, 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Қазақ халқы да қариясын сыйлаған халық. Үйінің төрін үлкендер үшін сайлап, «қария кетсе, бақ-дәулет, ырыс кетеді» деп оған ерекше мән берген. Қашаннан қарияның батасынсыз, даналығынсыз қоғамда қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. «Көп жасаған қария, ақылы терең дария» демекші, теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, біз де өздеріңізді сондай деп білеміз. Ардақты да абыройлы ақсақалдарымыз, құрметті қарияларымыз ұлттық ұлағатымыздың, текті тіршілігіміз бен салт-дәстүріміздің қалпын сақтап, елдіктің туын ұрпаққа табыстап келесіздер.
Ақсақал-әжелер – халықтың тұнып тұрған хаты. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керек-ті. Ал үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіздің, тәлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін бөлек. Себебі еліміздің өсіп-өркендеуіне әрқайсыңыздың қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жас-ты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға ізгілік пен игіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.
Қарттар күнін атап өтудегі бас-ты мақсат – әлеуметтік жағынан аз қорғалған қарт адамдарға, аға буын жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық қайырымдылық көрсету. Бұл игі дәстүрден біздің ауданымыз да қалыс қалған емес. Ал, қарияларға құрмет тек қарттар күнімен шектеліп қалмай, жыл бойына жүргізілетін ізгі дәстүрге айналуы тиіс деп білеміз.
Ақиық ақын Сағи Жиенбаев қазақтың қазыналы қарттарының жиынтық бейнесін: «Дүниеге келер бір рет, дария кеуде, тау мүсін. Құрыштан құйған құдырет, қарттарым аман-саумысың» деп бір шумақ өлеңге қалай сыйдырған десейші. Қарттары бар ел – бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағаттарда да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсін, ұрпағының қуанышына бөленсін!
Құрметті ардагерлер, дендеріңізге саулық, отбасы-әулеттеріңізге амандық тілейміз!

Біржан Әлімбет, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.