Қасиетті мекен Қаракемер

0

Ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін «Ауыл тынысы» айдарынан көзі қарақты оқырман аудандағы игі бастамалар мен жағымды жаңалықтардан хабардар болып жатады. Ал, биыл Қордай жерінде ауыз толтырып айтарлық өзгерістің көп екені қалың көпшіліктің көз алдында. Қай елді мекенге бара қалсаң да қайнаған құрылыс, қызу тіршілік. Аудан орталығындағы қарқынды жұмыстармен қатар, округтерде де тындырымды тірлік қолға алынған. Осы ретте кезекті қасиетті Әулие шоқының бөктерінен орын тепкен Қаракемер ауылдық округіне берсек…

Қаракемерге кірген бойда ерекше бір жайлылықты сезінесің. Ауылдың жанға шипа таза ауасы, мұнтаздай таза саябақтары мен тақтайдай түзу көшелері, сән-салтанаты жарасқан ғимараттары, халықтың ұйыған тыныштығы кімді де болсын өзіне баурап тұрады. Осындай тұнған тыныштықтың арасынан қайнаған қызу тіршілікті байқамау мүмкін емес. Жалпы, биыл округке қарасты Қаракемер мен Керу ауылдарында ауқымды жұмыс атқарылуда. Сапарымыз барысында әуелі ауыл әкімдігіне табан тіреп, сол маңдағы саябаққа қоршау орнатылып, абаттандыру жұмыстарының жүріп жатқанын байқадық. Мұнтаздай таза саябақтың ішінде құлпырған алуан түрлі гүлдер, демалушыға сая беретін қылқан жапырақты ағаштар – барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалғаны сезіледі.
Алайда, ауылдағы басты жаңалықтың бірі – жаңа су құбыры. Жалпы, ауылда 620 аула болса, оның 542-де су бар. Дегенмен, су жүйесі ескіріп, судың сапасы нашарлаған. Осыны ескерген басшылық тарапынан қомақты қаржы бөлініп, су жүйесін жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бүгінде Молдасейітов көшесінде құбыр салу жұмыстары басталыпты. Істі «Байсын А» ЖШС өз мойнына алған.
— Бірінші кезекте құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, ауыл бойынша 24 шақырым магистральді және 16 шақырым аулаға дейін құбыр тартылады. 15 адам еңбек етеді, сондай-ақ 2 экскаватор, 1 манипулятор және жүк көлігі жұмылдырылған. Барлығы ойдағыдай болса жыл соңына таман жұмысты аяқтаймыз, – дейді құрылысты басқарып жүрген прораб Н.Жанабергенов.
— Күніне 200-250 метр қазып келеміз. Жұмыс қарқынды, барлық жағдай жасалған. Бар мақсатымыз істі абыроймен аяқтау, – дейді экскаватор тізгінін ұстаған О.Баймұханов.
Осы ретте бірқатар көшелерге асфальт төселгенін байқадық. Жалпы, биыл ауылда оннан астам көшені асфальттау жұмыстары жоспарланған болса, бүгінде оның алтауы аяқталған. Атап өтсек, Молдасейітов, Кенесары, Өтеген, Орынбай, Аймаш, Ақжігіт көшелері жөнделіпті. Енді 4 көшеге де жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, көршілес Керу ауылында Атыхан және Жұмағұл көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары басталған.
Қаракемерде спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған. Заманауи спорт кешенінен бөлек, биыл су жаңа футбол алаңы мен «стритворкаут» алаңшасы бой көтерген. Осының арқасында ауылда салауатты өмір салтын ұстанушылар қатары артыпты.
Ауылдағы келесі жағымды жаңалықтың бірі – 20 отбасыға арналған тұрғын үй. Бүгінде қос пәтерлі он үйдің іргетасы қаланып, құрылысы басталып кеткен. Бұл үйлер баспанаға мұқтаж азаматтарға үйлестірілетін болады. Аталмыш үйлер орналасқан Қонаев көшесі соңына дейін асфальтталған, жақында жарықтандыру жұмыстары басталмақ.
Сондай-ақ, Қаракемер ауылы көптің камын ойлайтын жомарт азаматтарымен танымал. Жесірін жылатпай, қарияларды қадірлеп, аналарды ардақтаған жандардың көмегімен бірқатар әлеуметтік мәселелер шешіліп келеді. Олардың арасында ауылдан шыққан азамат Қ.Молдасейітовтың есімі көпке мәлім. Оның туған жеріне жасаған жақсылығын тізсе, жетіп артылады. Биыл меценаттың қолдауымен заманауи дәрігерлік амбулатория бой көтерді. «Отау Мед» аталатын медициналық мекеменің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, керек-жарағымен жабдықталған. Жақында оның лентасы салтанатты түрде қиылып, тұрғындардың игілігіне берілмек.
Ауылды аралай жүріп шөп тиелген жүк көліктерінің бірінен соң бірі кетіп бара жатқанынан, шөп шабу науқаны қызып жатқанын аңғардық. Ауылдағы ағайынның басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Округте 70 шаруа қожалығы тіркелген. Жалпы, 31133 гектар ауыл шаруашылық алқабының 281,6 гектары суармалы, 3946 гектары тәлімі, 915 гектар шабындық және 29308 гектары жайылым жерлер. Биыл егістік алқабы 3433 гектарды құрады. Десе де шаруалардың басым бөлігі мал шаруашылығына көңіл бөледі. Жалпы, округте 4770 ірі қара, 34490 ұсақ мал және 2288 бас жылқы тіркелген. Биыл аймақта алты мың тоннадан астам ет өндіру жоспарланған. Осы салада еңбек етіп жүрген ауыл тұрғыны Д.Нұрақовпен тілдестік.
— Ауылдағы табыс көзінің бірі осы мал шаруашылығы. Ең бастысы біз адал еңбек етіп, өз нәпақамызды тауып жүрміз. Бұл іс оңай емес. Жаздай жем-шөппен қамданып, тер төгеміз. Бүгін шөп шабу науқаны қарқын алды, – дейді Д.Нұрақов.
Ауыл халқының тұрмысы жыл өте түзеліп келе жатқанын ауылдың келбетінен-ақ байқауға болады. Көшелер тақтадай түзу, жаңа нысандар бой көтеріп, ауыл көркейіп келеді. Көптеген ғимараттардың арасынан ауылдық мешіт және «Ырыс» балабақшасы ерекше көзге түседі. Сонымен қатар, биыл Ә.Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Қысқасы, ауыл-аймақтың инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың тұрмысы тіктелгені көңілге қуаныш ұялатады.
Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.