Қолөнерге қолдау қажет

0

Қақпатас ауылының тұрғыны Шарапат Сейітбекова қазақтың төл өнеріне жан бітіріп жүрген адамдардың қатарында. Оның қыз жасауын тігіп, құрақ көрпе кестелеумен айналысқанына, міне, биыл 10 жылға жуықтапты. Қолөнерді жандандырып жүрген келіншек бұл істі артынан ерген қыз-сіңлілеріне де үйретуді өзіне парыз санайды.
Шарапат Әміртайқызының жасаған көрпе-жастықтары өте әдемі. Құрақ құруда ісмер «қошқар мүйіз», «ботакөз» деп аталатын дәстүрлі ою-өрнектермен қоса, «версаче», «құлпынай» сынды жаңа безендіру түрлерін де қолданады. Оның айтуынша, құрақ көрпеге ауыл жұрты ғана емес, сырттан да тапсырыс беретіндер қатары көбейген.
– Қазіргі кезде қыздың жасауына арнайы тапсырыс беретіндер көп. Өйткені қолдың көрпесі мен дүкенде сатылатын дайын көрпелердің айтарлықтай айырмашылығы бар. Қыз жасауы, оның ішінде жас келіннің көрпе-жастығы оның абыройы саналады. Сондықтан мен құрақ көрпе тігерде таңдалған матасына, ішкі салма материалдарының сапасына ерекше мән беремін. Ұлттық нақышта өз қолыммен өрнектеп ою саламын», – дейді қолөнерші.
Қайшы мен жіпті жанына серік еткен ісмер құрақ құруды апасынан үйренген. Бастапқыда туыстарына, жақындарына көрпе-жастық тігіп жүріп, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған. Кейіпкеріміздің қолөнермен қатар, аспаздық қабілеті де бар. Ол тапсырысқа тәттілер пісіреді екен. Қақпатастықтарға Шарапат ханымның дайындаған торттары мен тәттілері бұрыннан таныс.
Айта кетейік,кейіпкеріміз үш баланың анасы. Үлкен ұлы – үшінші топ мүгедегі. Қолөнершінің ендігі мақсаты ұлының дертінен құлан таза айығып кетуіне барын салу. Ол үшін кәсібін кеңейтуге жергілікті биліктен қолдау болса дейді. Сонымен қатар бұрынғы кеңес заманынан қалған тігін машинасын жаңасына ауыстырып, болашақта өзі секілді тігінге қызығатын қыз-келіншектерге осы өнерді үйретуді армандайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.