Қуатты өңір – қуатты Қазақстан

0

Сенбі күні Қордай ауданына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келіп, бірнеше елді мекенді аралады. Отар ауылы, Гвардейский қалашығы, кейіннен Әлжан ана, Сортөбе және Қаракемер ауылдарында болған өңір басшысы бұл күні бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылу салтанатына қатысып, жұмысы жүргізіліп жатқан бірнеше құрылыс алаңдарында болып қайтты. Облыс әкімінің сапары жайында газетіміздің келесі беттерінен толығырақ оқи аласыздар…

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Отар ауылындағы автоматты газ тарату стансасының (АГТС) құрылысы барысымен танысты.

Құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысан Отар аумағының 12 елді мекенін газбен қамтитын болады. Мұнда өңір басшысын Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев және Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев жобаның іске асырылу барысымен таныстырды. Осы тұста мердігер компания өкілі, яғни «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірбек Жүнісовтың жұмыс барысы жайындағы есебін тыңдағаннан кейін Бердібек Сапарбаев бұл нысанның маңыздылығын тағы да еске салып, құрылысшылардың ісіне сәттілік тіледі. Естеріңізге сала кетсек, Отар АГТС құрылысына 1 млрд 50 млн теңге қаржы қарастырылған. Ал, жалпы Отар аумағының 12 елді мекеніне газ құбырын тартуға жобалық құны 4 млрд 36 млн теңгені құрайтын қаражат бөлінген.

Осыдан кейін облыс басшысы Гвардейский қалашығындағы иммундық препараттарды өндіретін биофармацевтикалық зауыттың қызметкерлері үшін салынып жатқан 60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен танысып, онда бірқатар ұсыныс жасады. Сонымен бірге өңір басшысы зауыт құрылысын да байқап қайтты. Айта кетсек, алдағы уақытта зауыт облыс бойынша ірі өндіріс нысанына айналады. Жоспар бойынша пайдалануға ағымдағы айда өткізелетін зауытта 30-60 млн доза биопрепарат өндірілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.