ҚЫРДА ҚАРҚЫНДЫ ТІРЛІК

0

Биыл ауданда көктемгі дала жұмыстары кешеуілдеп басталды. Оған басты себеп ауа-райының қолайсыздығы. Соған қарамастан жергілікті диқандар жоспарлы межені дер кезінде орындап, жоғары өнім алып, қамбаларын мол астыққа толтырамыз деседі.

Газетіміздің өткен санында биыл аудан бойынша 134810 гектар жерге егін егу жоспарланғанын жазған едік. Атап өту керек, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 14098 гектарға артық. Сонымен қатар, өнімді мол беретін дақылдарға көңіл бөлінуде. Ауыл шаруашылығы бөлімінің 23 сәуірге берген мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 22240 га жер жыртылып, 89750 га дайындалған екен. Әдеттегідей егін алқаптарының басым бөлігін, яғни 44000 га  жаздық арпа алса, жоңышқа 3300 га жерге егіліп, бақша дақылдары мен картопқа 10750 га бөлінді. Бұл ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биыл арпа, күздік бидай, жүгері және азықтық дақылдар көлемі ұлғайтылды. Қазіргі таңда дәндік жүгеріні егу жұмыстары қарқын алған. Биыл жүгеріні 8000 гектарға егу жоспарлануда. Көктемгі дала жұмыстарына аудан толық тұқымдық материалмен қамтамасыз етілген. Арпа тұқымы 7040 тонна қажет болса, жүгері тұқымы 160 тонна қажет. Ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында 2021 жылы ауданға 7387 тонна арзандатылған минералды тыңайтқыш бөлінген. Қазіргі таңда 53 шаруа қожалығы 2327 тоннаға өтінім беріп, 10 шаруа қожалығы 284 тонна аммиак селитрасын алған.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 2000 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген, оның ішінде ақпан айында 260 тонна, наурызда 780 тонна, мамырда 455 тонна, маусымда 505 тонна сұйық отын үлестіру көзделді. Бүгінгі күнге 18 шаруа қожалығы 323 тонна дизель отынын алған. Сұйық отын ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне литріне 160 теңгеден беріледі, бұл нарықтағы бағадан 12-18 пайыз төмен.

Сонымен бірге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2 шаруа қожалығына қолдау көрсетілді – олар көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдікпен несие алған.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.