ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – БОЛАШАҚ ТІРЕГІ

0

Өткен аптада ауданымызға теология ғылымдарының докторы, дін саласындағы республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Мұхитдин Паттаев келіп, бірқатар мекеме және білім беру ошағында тұрғындармен кездесті.
Екі күнге созылған жұмыс сапарында дін маманы №7 Бетқайнар кәсіптік колледжінің студенттері, «Риха» ЖШС ұжымы, Қордай аудандық орталық мешітінің жамағаты, Қордай ауылындағы спорт кешенінің жаттықтырушылары және бірқатар жергілікті тұрғындармен бетпе-бет жүздессе, №1 Д.Қонаев атындағы МГ, №51 ОМ оқушыларымен онлайн режимде уағыз-насихат жүргізді. Ал, соңғы кездесу «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында дін саласындағы аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен өтті.
Діни экстремизм мен терроризм, деструктивті діни ағымдардың жағымсыз әрекеттерінің алдын алуға бағытталған маңызды кездесулерде Мұхитдин Исаұлы бүгінде қоғамды алаңдатып отырған бұл мәселелердің түбі бала кезіндегі тәрбиеден басталатынын атап өтті. Өз лекцияларында теолог маман қазақи дәстүрді жаңғыртудың маңыздылығына кеңінен тоқталып, ата-бабамыз ұстанған дінді, солардың жолын біз де жалғастыруымыз қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар, Мұхитдин Паттаев қазіргі кездегі жас ұрпақтың санасын улап жатқан қауіп-қатерлерді тізіп, олардын алдын алу жөніндегі кеңестерін айтты. Ал, бала тәрбиесіне ерекше назар аударған дінтанушы әрбір ата-ана осыған аса мән беру керектігін сөз етті. Кездесулер барысында Мұхитдин Исаұлы лекцияға қатысушылармен пікір алмасып, олардың сөзін тыңдап, сұхбат құрды.
Ал, аудандық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен өткен кездесу барысында дін саласындағы түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізу керектігі және оның маңызды тұстары жайында әңгіме өрбіді.
Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.