ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРІНЕ ПӘТЕР КІЛТТЕРІН ТАБЫСТАДЫ

0

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 2023 жылдың 1-14 мамыры аралығында бокстан ересектер арасында Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өткен Әлем чемпионатының чемпионы
Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегері
Дулат Бекбауовты марапаттау салтанатына қатысты.
Айта кетейік, аталған байрақты бәсекеге Қазақстан құрама командасынан 13 спортшы қатысса, оның екеуі жамбылдық 67 кг салмақ дәрежесінде Дулат Бекбауов және 71 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан құрама командасының капитаны Асланбек Шымбергенов.
Салтанатты шара барысында жамбылдық жанкүйерлер, жас спортшылар жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсетті.
— Әлемдік бәсекеде көк Туымызды биікке көтерген өрендеріміз Асланбек пен Дулатты айтулы әлемдік жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі бокс әлемінде өздерінің дара талантымен талайды мойындатқан Асланбек пен Дулат кешегі Жамбыл боксының даңқын төрткүл дүниеге паш еткен Серік Қонақбаев, Болат Жұмәділов, Ермахан Ыбрайымов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Олжас Сәттібаев, Әбілхан Аманқұл сынды хас шеберлердің жеңісті жолдарын табысты жалғастыра білді.
Боксшыларымызды үлкен рингке баулып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері деңгейіне көтерген Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков пен Ермек Ертаевтардың ерен еңбектерін де айрықша атап өткім келеді, — дей келе Нұржан Нұржігітов боксшылардың ата-аналарына да ризашылығын жеткізді.
Облыс әкімі спортшыларды марапаттап, сый-сияпаттарын табыстады.
Атап айтсақ, Әлем чемпионы Асланбек Шымбергеновке 3 бөлмелі пәтердің кілті, оның жеке бапкері Ермек Ертаевқа 5 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Ал, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауовқа 2 бөлмелі пәтердің кілті, оның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке 3 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов те өзінің әсерімен бөлісіп, қолдау білдіріп, тілеулес болған барша жанкүйерлеріне алғысын айтты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.