Әлеуметтік нысандар басты назарда

0

Жұма күні Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов жұмыс сапарымен Қордай ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Расул Махмұдұлы сапарын Қалғұты ауылында салынып жатқан 180 орындық мектептің құрылыс алаңынан бастап, өңір басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысын бақылады.

 

Облыс әкімі аппаратының басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Н. Садыков жүріп, барлық мән-жайды баяндап берді. Мектеп құрылысын жүргізіп жатқан «ТебердаСтройСервис» ЖШС-нің өкілдері қонақты құрылыс барысымен таныстырып, жақын арада нысанды өткізу жөніндегі жоспарымен бөлісті. Дейтұрғанымен, көптің сынына іліккен құрылыс нысанында кемшіліктер жоқ емес. Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары мен айналаны абаттандыру мәселесінде қамшы басар тұстар жеткілікті. Расул Махмұдұлы мектептің құрылысында сапаға аса мән беру керектігін атап өтіп, нысан бекітілген мерзімде өткізілуі қажет екенін тағы да еске салды.

Осыдан кейін Расул Медетов Әлжан ана ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені және ауылдық музейге кірді. Жалпы құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізіп, өткен жылы қолданысқа берген. Жаңа ғимаратта үлкен спорт залы, күрес залы және спортшыларға арналған киім ауыстыру, жуыну бөлмесі бар. Онда балалар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылданады. Ал, Әлжан ана музейінде Расул Махмұдұлы Елбасының өміріне қатысты жәдігерлерді көріп, тамашалап қайтты.

Осыдан кейін облыс әкімі аппаратының басшысы Күнбатыс-2 ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысымен танысты. Онда Расул Медетов құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған «Инжиниринг Сервис Групп» ЖШС өкілдерімен тілдесті. Білім ордасы жақын арада оқушыларға есігін ашады. Келесі кезекте Масаншы ауылындағы 600 орындық зәулім мектептің құрылысымен танысып өткен Расул Махмұдұлы мердігер «ТаразСтрой 2004» ЖШС мамандарымен сөйлесті. Бүгінде үш қабатты ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары толығымен аяқталуға жақын. Сондай-ақ, ғимараттың маңын абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

Осыдан кейін Расул Медетов Қаракемер ауылдық дәрігерлік амбулаториясының қызметімен танысты. Денсаулық сақтау нысанының жұмысымен және ауылдық округтегі эпидемиологиялық ахуал туралы Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова айтып берді. Расул Махмұдұлы өз сөзінде, саулықтың сақтықта екенін баса айтып, қауіпті індеттің алдын алу үшін тұрғындар арасында екпе салдыру бойынша үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізу қажеттігін еске салды. Осы ретте Сортөбе ауылдық округі әкімі аппаратының қызметімен де танысып шыққан облыс әкімі аппаратының басшысы Қордай ауылына жол тартты. Расул Медетов түс ауа аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында, аудандық полиция бөлімінде, халықты жұмыспен қамту орталығында болып, мұндағы мамандардың қызмет көрсету процесін өз көзімен көрді. Осы тұста оған Қордайда «Батыс» ышқам ауданынан жаңа ХҚКО-ның ғимараты салынатыны айтылды. Сонымен қатар, Расул Махмұдұлы Сервистік әкімдіктің жұмысымен де жақынырақ танысып, аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысын өткізді. Осыдан кейін Расул Медетов Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтына барып, нысанның жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйлердің құрылыс барысын көрді. Осылайша, Расул Махмұдұлы зауытта штаб отырысын өткізіп, жұмыс сапарын түйіндеді.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.