ӨНЕР – МӘДЕНИЕТТІҢ ӨЗЕГІ

0

Отанымыздың рухани байлығы мен мәдениетіне үздіксіз үлес қосатын, мәдениет пен өнер саласында еңбек ететін жандар қос өкпеден қысқан пандемия шеңгеліне қарамастан өз жұмысына адал, көрермені мен тыңдарманына сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан жайы бар. Ауданымыздың өнерпаздары, нақтыласақ Қордай аудандық Мәдениет үйінің ұжымдары мен өнерпаздарының ағымдағы жылдың алты айында алған асуы, бағындырған белестері жетерлік. Бұл мақалада соларға аз-кем тоқталып өтсек.

Биылғы жыл мерейтойлы даталарға толы. Еліміздің тәуелсіздік туын тіккеніне 30 жыл, «Ұлы даланың Гомері» атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы және өзге де тау тұлғаларды тәу етуге арналған жыл ма дерсіз. Ал, бұл дегеніңіз мәдениет саласы майталмандарына артылып отырған тағы бір жүк, сонымен қатар өз-өзін сынайтын қосымша байқауларға толы. Соның бір айғағы ретінде аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері алдымен Мұқағалидың 90 жылдығына орай өткен «Жырлайды жүрек» атты III-ші Республикалық онлайн режимде өткен әншілер байқауында бақ сынады. Нәтижесінде жас талант Ергат Тәжібаев арнайы жүлде, диплом мен қаржылай сыйлыққа ие болса, бүгінде ел аузында жүрген әнші Мади Шекербеков III дәрежелі дипломды қанжығаға байлап, арнайы жүлдесін ұтып алған.

Мәдениет үйі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларын, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын ілгерілету, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасын жүзеге асыру, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығын паш ету, қазақстандық композиторлардың туындыларын жаңғырту, этно-фольклорлық ұжымдармен тәжірибе алмасу, жас шығармашылық топтар мен әнші-термешілерді таныту, шеберліктерін шыңдауды басты мақсат етіп қойған. Ол мақсаттың жемісі де жеңісі де қатар келуде. Балалар мен жасөспірімдер және ұстаздар арасында өткен «Шабыт тарландары» атты халықаралық шығармашылық байқауда «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Әсем Таубалды бас жүлдені жеңіп алса, «Хореография» номинациясы бойынша Елена Борисеевич жүлделі І орынды иеленген. Ал, халықаралық «Берег мечты» онлайн шығармашылық байқауында вокал номинациясы бойынша «Соседушки» халықтық фольклорлық ансамблі I орынды жеңіп алып, арнайы дипломмен  марапатталыпты.   «Үздік кәсіподақ бұрышы» облыстық конкурсына қатысып, жоғары белсенділік танытқаны үшін Қордай аудандық Мәдениет үйінің бастауыш кәсіподақ ұйымы I орынды жеңіп алған. Осылармен қатар ауданда ұлттық өнерге де ерекше ықылас жасалып жатқанын                  «ANTIKOR – терме» атты қазақстандықтардың тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған онлайн облыстық жас ақындар байқауында Ергат Тажибаевтың І орын, Алдаберген Жолдасбаевтың ІІ орын алуынан байқауға болады. Тараз қаласында өткен XVII облыстық жастар арасындағы Дельфийлік ойындарда бейнелеу номинациясы бойынша І орынды жеңіп алған Арай Жанайды да ерекше атап өтуге болады.

Аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері ұлтаралық татулық, қазақстандық бірегейлік мәселесіне келгенде ерекшелігімен танылатын бірден бір ұжым десе болғандай. «Ынтымақты елдің іргесі берік!» атты арнайы жоба, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты ашық алаң, «Рахмет саған – қазақ халқы!»,  «Қазақ еліне, мың алғыс!» атты мерекелік шаралар соның айғағы. Сонымен қатар, мәдениет қызметкерлерінің білімін жетілдіріп отыру да күн тәртібінен түспейді. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «ART format» мәдениет қызметкерлеріне арналған «Мәдени тынығу жұмысы» тақырыбындағы облыстық семинар-тренингке де мәдениет мамандары қатысып келіпті.

Түрлі байқауларда үздік шыққан ұжымдар мен жекелей орындаушылардың жетістіктеріне қайта оралсақ. Көктем айларында Қазақстан-Ресей жобасы бойынша «Қазақстан таланттары» атты халықаралық көпжанрлы фестивальде үздік өнер көрсеткені үшін Ауқатты ауылдық мәдениет үйінің «Балауса» би тобы бас жүлдені жеңіп алса, Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен «Жамбыл жырлары» онлайн республикалық байқауына белсене қатысқаны үшін Любовь Харченко арнайы дипломмен марапатталыпты.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толуына орай Талас аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Қасиетті күй өнерінің сәйгүлігі» атты облыстық күйшілер байқауында Асқар Ақниет, Ергат Тажибаев, Аманғали Өмірзақовтар жеңімпаздар қатарынан табылса, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ақыл ойдың алғыры» атты облыстық жабық ақындар мүшайрасына белсене қатысқаны үшін Таалай Бугубаев, Бақыт Байжігітов, Алдаберген Жолдасбаев, Ерлан Бүрбаевтар Алғыс хатқа ие болған.

Аудан мәдениетінің абыройын көтеруге ақындар қауымы да сүбелі үлес қосуда екен. Мәселен, жазғытұрым Жамбыл аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» атты облыстық ақындар айтысында Күміскүл Сәрсенбаева жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Таалай Бугубаев жүлдегер атанса, малшылардың Маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Құтқа толы Хан тауының қойнауы, Мойынқұмым Жаз атаның жайлауы» атты облыстық ақындар айтысында Күміскүл Сәрсенбаева «Жаз Ата» номинациясы бойынша II орынға ие болған. Ал, «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасында ІІ дәрежелі дипломмен Заухан Луиза, Мөлдір Болатқызы марапатталса, Асқар Булисбаев III дәрежелі дипломға ие болған.

Осылармен қатар, Мәдениет үйіне қарасты «Зерде» бейнемобилінің көмегімен әр ауылдағы мәдениет ошақтарында «Жамбылдың жастық шағы» атты деректі фильм көрсетілген.

Бұл көрсеткіштер аудан өнерпаздары алған асулардың бір парасы ғана. Әр мереке сайын тың дүниелерімен, көрермен көзайымына айналып жатқан концерттерімен көптің көңілінен шығып жүрген Мәдениет үйінің өнерпаздары мен ұжымына шығармашылық табыспен қатар мықты денсаулық тілейміз.

                                                     Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.