ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

0

«Әр адамға бақыт пен бедел ақылмен, көп ізденіспен, адал еңбекпен келеді».

Бауыржан Момышұлы

 

Бір адамды ұзақ уақыт танығаныңмен, ол туралы қалам тербеу өте қиын: көптеген ұсақ-түйектер жадыңда тұрады, бірақ ең бастысын жеткізе алмайтындай сезімде болатыны да рас.

Әсіресе, педагогикалық еңбек ардагері, «Қордай ауданының Құрметті азаматы»  Фатима Байбекова жайлы бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Талапшыл, өз ісінің білгірі, іскер, жауапкершілікті, қатал…

19 шілде күні Фатима Жұмаділқызы 70 жасқа толды. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған жанды мерейтойымен құттықтаймыз. Деніне саулық, бақ-береке, отбасына амандық тілейміз. Барлық армандары мен ойға алған жоспарлары іске аса берсін.

-Бақыт – сіздің өмірді қалай қабылдайтыныңызға байланысты. Егер бүгінгі күніңізге шүкіршілік етіп, әрбір сәттен ләззат алып өмір сүрсеңіз, міндетті түрде тағдыр сізге бар жақсылығын береді, — деп сенеді мерейтой иегері.

Жетпіс жастың белесін бағындырған кейіпкеріміз қуаныш пен өкінішті де, қасірет пен қайта түлеуді де басынан кешті. Бірақ, өмірлік табандылық пен ұстамды мінез оны әркез алға жетелеп, өмірдің асқар асуларынан сүрінбей өтуіне ықпал етті. Ол кез келген жағдайда адам болып қалу, балалары мен немерелері мақтан тұтатындай абыройлы ғұмыр кешуді – өмірлік ұстанымы еткен.

Бетқайнар ауылының тумасы Фатима Жұмаділқызы Байбекова ауданның гүлденуіне елеулі үлес қосқан жан, демократиялық процесстердің дамуына, білім беру қызметінің жетілдірілуіне және нарықтық қатынастар жағдайында өскелең ұрпақты тәрбиелеуге атсалысқан адам.

Еңбек жолын К.Әзірбаев атындағы техникумнан бастаған ол 20 жыл бойы аудандық мәслихат депутаты болып сайланып келді, 15 жыл ауданның білім беру саласының кәсіподақ ұйымын басқарды, халықтың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына, білім саласының нарық жағдайында қалыптасуына атсалысты. 48 жыл ел игілігі жолында адал еңбек етті.

Талай жылдар тағылымы толысып, ұстаз бақытын сезініп, шәкірттер құрметіне бөленген Ф.Байбекова зейнет демалысында болғанына қарамастан, педагогикалық қызметін жалғастырып келеді. –Білімді, дарынды балаларды көргенде өз кәсібімнен кеткім келмейді. Бүгінде жұмысымның нәтижесіне қарап, төккен тердің зая кетпегеніне көзім жетіп, қуанамын. Осы мамандықты таңдағаным үшін тағдырыма ризамын. Ұстаз болу – менің өмірлік кәсібім, — дейді еңбек ардагері.

Өмірлік жинақтаған білімі мен тәжірибесі оған жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемелерін және мектептерді ұйымдастыру мен басқаруда көп пайдасын тигізді.

2015 жыл… Аудан орталығында тұңғыш жеке балабақша ашылды. Ол кезде ауданда балабақшалар жетіспейтін, мектеп жасына дейінгі балаларды біліммен қамту көрсеткіші 46.4%  болды.  «Керімбала» – ауданда «балабақша бизнесінің» бастаушысы болды. Жаңа әрі жайлы балабақшаға 3 жастағы 150 бала қабылданды. Тәрбиешілер мен күтушілер ұжымын жинақтау оңай болмады – Одақ ыдырағаннан кейін мектепке дейінгі мекемелер ұмыт қалып, шын мәнінде, білікті кадрлар тапшы болды. Жаңа құрамға жаңартылған оқыту бағдарламалары, стандарттарын оқып үйреніп, курстар мен тренингтерде білімін жетілдіруге тура келді.  Балабақша басшылығы оқыту процесстерінің ақысын өзі төлеп келгенін атап өту керек. Бүгінде «Керімбала» мектепке дейінгі білім беру бойынша ауданның көшбастаушысы, былайша айтқанда, бренді болып табылады.  Мұнда балаларды екі жастан бастап қабылдайды.

Фатима Жұмаділқызының  жолындағы келесі қадамы – мектепалды топтарын ашу болды, ондағы «Мемлекеттік стандарт+» оқыту принципі педагогикалық ұжым үшін қалыпты жағдайға айналды.

-Қызметіміздің негізгі бағыты – Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің нұсқаулық әдістемелік хатын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге үндеуі болды. Балалар мекемесінің әкімшілігі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен тығыз байланыс орнатты. Сол арқылы тәрбиешілер кәсіби біліктілігін жетілдіріп, білімдерін арттырып отырады, оған қоса мектепке дейінгі білім мекемелеріне дайын кадрлар жасақталады, — дейді Фатима Байбекова балалар мекемелері желісінің қалыптасу кезеңдері жайлы. – Өткен жылы жарияланған Балалар жылында үздіксіз білім беру аясында біз жеке бастауыш мектеп аштық.  Бұл балаларға арналған толық күн жұмыс істейтін, тамақтану, ұзартылған күн топтары бар жаңа форматтағы мектеп. Қазіргі уақытта негізгі мектептің (9 жылдық білім беру) ғимараты салынып жатыр.

Білім берудің ерекшелігі «Мемстандарт+» принципін жетілдіру болып табылады. Оқытудың жетілдірілген түрі балалардың бастауыш мектепке тікелей балабақшадан және мектепке дейінгі мекемеден келуінің арқасында мүмкін болды. Яғни, балалар білім берудің белгілі бір деңгейін меңгерген, бойында коммуникативтілік, социализация дағдылары дамыған қалпында мектепке келеді.  Осы ретте командада жұмыс істеу, креативті ойлау, шығармашылық, адами қарым-қатынаста аса қажетті коммуникация, сыни ойлау дағдылары көзделген  4K моделі өзекті болып қала береді, — дейді Ф.Байбекова.

Оның айтуынша, жеке мектептердің ашылуы мемлекеттік мектептердің жүктелімін жеңілдетеді. Жақын болашақта жеке мектептер желісінің дамуымен екі-үш ауысымда оқыту болмайды.  Бұл үлкен плюс.  Жеке мектепте өз қаражаты есебінен академиялық еркіндік принципі бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік жетерлік. Бұл дегеніңіз – оқытушыға өз пәнін оқыту әдістерін таңдау құқы беріледі. Академиялық еркіндік – ол оқытылатын  пәнге көзқарасы мен тәсілдері ең прогрессивті және қолайлы болып көрінетін мұғалімдерді таңдау құқығы.

Осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, ауданның білім нарығы аренасында «Авангард» мектебі өмірге келді. Мектеп 2021 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгіннің өзінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді – оқытудың міндетті стандарттық пакеті игерілді, тіпті, біршама асып түскен тұстар да бар. Демек, мектеп оқушылары ары қарай «Стандарт+» күшейтілген бағдарлама бойынша білімдерін жалғастырады. Педагогикалық ұжым инновациялық технологияларды қолданады. Мұны балалардың дамуынан көруге болады – жан-жақты дамыған, көпшіл, әлеуметтік бейімделген, толерантты еркін тұлғалар болып өсіп келеді, ата-аналар қауымы да күшейе түсуде.

Мектептегі ата-аналар жиналысына баруды кім жақсы көреді дейсіз? Ересектер, баласының тағы не істегенін естіп қалудан қорқып, қобалжып көпшілік жиналысына үрейлене барады. Немесе психологтың кезекті лекциясын естіп қайтады. «Авангардтықтар» ата-аналар жиналысын ашық есік күндері ретінде ұйымдастырады. Ата-аналар өз баласының шығармашылық есебін бағалау үшін жиналысқа балаларымен бірге келеді: театрландырылған қойылымдарды тамашалап, ашық сабақтарға қатысады, баласының не үйренгенін көреді. Мұнда педұжым тарапынан ұзын-сонар әңгімелер мен сөгіс айту деген мүлдем жоқ! Мұндай шара мектеп қабырғасындағы отбасылық мерекеге айналады.

-Менің қызым Алина Мамыралиеваға бұл мектеп өте ұнайды. Әсіресе, ашық сабақтарға бар ықыласымен қатысып, шын ниетімен дайындалады. Мектеп ұсынған барлық үйірмелерге, қойылымдарға қатысады. Ұстаздарының көмегімен қызымның әлеуеті айтарлықтай ашылды деп есептеймін, ол бар ықыласымен қуана-қуана оқып жүр. Ата-аналар жиналысына бүкіл отбасымызбен мерекеге барғандай қатысамыз, — дейді Әсел Мамыралиева. Бұл ананың сөзін көптеген ата-аналар қолдайды.

М.Омархаева:

-Менің ұлым «Керімбала» жеке балабақшасына барған, одан кейін мектепалды даярлықтан өтіп, қазір мектепте оқып жүр. «Авангард»  жеке мектебін біздің балаларымыздың сапалы білім алуына қаражатын да, уақытын да, күш-жігерін де аянбайтын мықты басшы басқарып отыр.                                                                                                                                            Педагогтар балалармен бірге тамаша мерекелерді ұйымдастырады – Күзгі бал, Жаңажылдық маскарадтар, ертеңгіліктер және спорттық ойындармен ұштастырылған Наурыз, ұлттық киімдегі театрландырылған көріністер. Балалар өз рөлдерін мақтанышпен орындап шығады. Бұл қойылымдарға ата-аналар мен мектеп ұжымының да қатысуы маңызды. Ал біздің балаларымыздың өз қолымен жасаған бұйымдармен безендірлген зал қандай әдемі, керемет! Мектепке гүлдену мен көптеген табыстар тілеймін.

Зульфия Курманова да «Авангард» жеке мектебіне ризашылығын шын көңілмен білдірді: «Немеремнің осы мектепте оқып жүргеніне екі жыл болды. Балалар білім алумен қатар пайдалы іспен айналысады – шахмат, робототехника, сурет салу, театр, саяхаттар, спорт үйірмелеріне қатысады. Сабақтардың қызықты әрі мазмұнды болғаны сонша, үйдегі бірінші сынып оқушысы өзінің «жұмыс күні» жайлы ұзақ әңгімелейді. Жыл бойы пайдалы әрі дәмді тағамдар беріледі – жаңа піскен жемістер, көкөністер, кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері. Сонымен қатар, балаларды дастархан басында өзін мәдениетті ұстауға, этикаға үйретеді. Биыл екінші немеремді де «Авангардқа» апарамын.

«Алтын үшбұрыш» — ол үш жақ теңдей үйлескен процесс: бала, ата-ана және мұғалім. Ал оның әр жағы негізгі болып табылады. Әр қырының өзіндік рөлі бар. Бір жағының рөлі азайса, үш бұрыш тең бүйірлі, тең мәнді болудан қалады. Соған қарамастан, осы педагогикалық конструкцияда ең маңызды орында бала тұрады. Білім беру мекемесінің мақсатынан «Алтын үшбұрыш» қатысушыларына бағытталған міндеттер туындайды, ол – оқушының адамгершілік, шығармашылық, рухани, физикалық мүмкіндіктерін көрсетуіне және дамытуына қолайлы жағдайлар жасау; оны азаматтық ұстанымға, жауапкершілікке, абыройлылыққа тәрбиелеу. «Алтын үшбұрыш» саяси емес, педагогикалық үштік, ол баланың жан-жақты дамуына бағытталған әлеует.

Білім ордасында оқушының жұмыс күні толықтай сағат-сағатпен кесте бойынша белгіленген. Күннің бірінші жартысы – сабақ оқу. Одан кейін түскі ас, демалу және сағат 12-ден 17.00 аралығында ұзартылған күн тобында шұғылданады. Сағат 15.00-ге дейін үй тапсырмасын орындау. Сосын үйірмелерге қатысу: логикалық математика (ребустар, кроссвордтар, байқаулар), риторика (мәнерлеп оқу, әртістік дағдыларды дамыту, оқу, ертегітерапиясы, мультфильмдер көру, ертеңгіліктер театрализациясы, байқаулар, тестілер), музейлік педагогика (экскурсиялар, Қордайдың, облыстың, республиканың танымал әрі көрікті жерлерін аралау, бабалар мұрасы), рөлдік ойындар (сценарийлерін мұғалімдер жазады). Үй тапсырмасын орындап болған соң немен айналысатынын, қандай үйірмеге қызықтыратынын балалар өздері таңдайды. Мұндай үйірмелер тегін өткізіледі. Хореография және шахмат үйірмесі – ақылы, соған қарамастан қатысатын балалар өте көп.

«Авангард» – көш бастаушы отряд. Бұл мақсатқа ұмтылыс, прогрессивті қозғалыс. Осы озық қозғалысты мектептің негізін қалаушы Фатима Жұмаділқызы Байбекова басқарады.

Кәсіби білікті педагогикалық құрамның үздіксіз оқыту процесі өз нәтижелерін беріп келеді. Бұл жерде басшының тұлғалық қасиеттері де көп рөл атқарады. Фатима Жұмаділқызы өмірде де, еңбекте де әрдайым бір орында тұрмайды, жылдам шешім қабылдап, үйреншікті, бір қалыпты, тұрақты тәртіпті бір сәтте өзгертуге қабілетті, қиындықтарға мойынсұнбайтын жан. Оның өмірі шектеулер мен стандарттардан әлдеқайда асып кеткен.

Кең дүниетанымы, көшбасшылық таланты, іскерлік, белсенділік, қайырымдылық сияқты адами құнды қасиеттерді бойына сіңірген Фатима Байбекова бүгінгі күнге дейін қоғам өмірінің бел ортасында жүр.

Ф.Байбекованың білім-білігі мен кәсіби тәжірибесіне аудан, облыс басшылығы жоғары баға беріп, бірқатар наградалармен марапаттағанын айта кеткен жөн.  Білім саласының ардагері «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл», «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне  30 жыл» медальдарымен, «Еңбек  ардагері», «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған, сонымен қатар,  «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы бар.  Бұл марапаттардың әрқайсысы еңбекке де құрметтің белгісі екені даусыз. Осындай басшысы бар «Авангард» әлбетте көш бастаушы болып қала бермек. Шығармашылық ұжымға көптеген жетістіктер тілейміз!

Ләйлім Досембекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.