«Жер – біздің басты асыраушымыз, сондықтан оның қадір-қасиетін бағалап, қамқор болуымыз керек», — деп санайды «Надежда-1» ШҚ басшысы Константин Эм. Нәсібін жерден терген шаруаны өз ісін жан-тәнімен сүйетін жан десек қателеспейміз. Бала кезінен егіншілікпен айланысып келе жатқандықтан ол өзінің бар уақытын жұмысқа арнайды. Оның ерен еңбегі жоғары өнімділікпен бағалануда.
Бүгінде Константин Эм 10 гектар жерді нағыз құлпынай әлеміне айналдырды. Бұл жобаны бірнеше жыл бұрын әкесі бастаған. Ал ұлы ата кәсіпті жалғастырып, бүкіл әулетпен осы іске ден қойған.
Қазір бұл аумақта өнім жинау қарқынды жүріп жатыр. Жұмысты күн сайын 30-дан астам адамнан тұратын екі бригада орындайды. Бір күнде шамамен 500-600 жәшік жинайды. Шаруа қожалығының басшысы өнімнің сапасына көп көңіл аударады, сондықтан тек ірі, дәмді және піскен жидектер таңдап алынады. Сондықтан болар Қайнар ауылының егістіктерінде өсірілген құлпынайды еліміздің ірі қалаларындағы дүкендерден кездестіруге болады.
Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам экологиялық таза жидек жиналды. Биылғы өнім орташа болды. Бұған ауа райының қолайсыздығы мен былтырғы құрғақшылық әсер еткен. Сонда да шаруа қожалығы маусым аяқталғанша 40 тоннадан астам өнім жиналатынына сеніп отыр.
«Надежда -1» ШҚ көбінесе «клери» және «чезен» сорттарын өсіреді. Бұл сорттардың негізгі артықшылығы – жидектерде зиянды химиялық қоспалар жоқ және тек табиғи жағдайда өсірілген өнім. Шаруа қожалығы ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін арттыруға үлес қосып, өнімділігі жоғары дақылдарды алу үшін егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға белсенді қатысады. Кәсіпорын тамшылатып суару жүйесін енгізуді және жидек пен көкөніс кластерлерін дамытуды жоспарлап отыр. Ол үшін барлық жағдай бар.
Константин Григорьевич өзінің құлпынай брендін одан әрі дамытып, экспортқа шығуды жоспарлап отыр.
— Еріншектерге бұл жұмыста орын жоқ, отырғызудан бастап соңғы егін жинауға дейінгі әр күн жоспарланған. Отырғызу алдында топырақты жақсы дайындау өте маңызды. Ол қоректік заттарға неғұрлым бай болса, тамыр жүйесі соғұрлым күшті болады, сондықтан жеміс өнімді болады. Биылғы жылы арамшөптер әдеттегіден көп, күресуге уақыт жоқ. Жерде жұмыс істегенде, бәріне дайын болу керек. Біз, шаруалар үшін жыл сайын өзіндік ерекшелігі болуы мүмкін, — дейді шаруа
Айта кету керек, жидектерден басқа, шаруашылық қызанақ өсіруге де мамандандырылған. Бұл көкөніс дақылына 5 гектар жер бөлінді.
Константин Эмнің жоспарлары ауқымды. Ол өнімділікті арттырып, жаңа технологияларды енгізуді көздер отыр.
Шолпан САБАНОВА