ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, «Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады» деген еді.

Жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде еңбек етудің маңыздылығын және ел игілігі үшін жұмыс істейтіндердің үлесін лайықты бағалау үшін елімізде Еңбек күні атап өтіледі.

Өзінің кәсібін терең меңгерген, елге адал да мінсіз қызмет етіп жүрген, өзгеге үлгі етерлік еңбек адамы барлық салада бар. Оны орта таниды, әріптестері мен ұжымы қадірлеп сыйлайды.

Осыған байланысты еңбек күніне орай аудандық «Мансап» орталығының қызметкерлері Қордай ауданының тұрғыны, «ҚазАвтоЖол сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 25 жылға жуық уақыт көлік жүргізушісі болып қызмет етіп келе жатқан Жеңіс Үсенбаевты мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Ұйымдастырушылар бұл еңбеккердің жанкешті еңбегі мен жауапкершілігі ізбасар жас мамандарға үлгі болып келе жатқанын атап өтті.

Жеңіс Зартбекұлының еңбек жолы туралы айтар болсақ, ол ҚазАвтоЖол сервисінің көлік жүргізушісі ретінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. Оның тұрақты әрі жауапты қызметі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тасымалдық қызметтердің сапасын жоғарылатуға бағытталған.

Бұл күннің негізгі мақсаты – барлық мамандықтардың құндылығын мойындау, еңбектің қоғам үшін маңызын, әрбір еңбектің ұмытылмайтын үлесін жария ету.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.