ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ БАҚЫЛАУДА

0

Сенбі күні Қордай ауданына Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің орынбасары
Дамира Сүгірбай және аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықовпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

Облыстық мәслихат төрағасы алдымен Қақпатас ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. 180 орындық мәдениет үйінің жұмыстарын «ПМК – 109» ЖШС-гі өз жауапкершілігіне алған. Екі қабатты ғимараттың қабырғалары биіктеп, жұмыстың біраз бөлігі аяқталуға таяп қалыпты. Жұмыс қарқынымен танысқан Абдалы Нұралиев жауапты мердігерге құрылыстың сапалы болуын және мерзімінде аяқталуын тапсырды. Сондай-ақ, облыстық мәслихат төрағасы бастаған жұмыс тобы Бетқайнар ауылындағы мәдениет үйіне барды. Мұндағы жұмыс қарқынымен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев таныстырды. Айта кетейік, бұл мәдениет үйінде ауыл балаларына арналған түрлі үйірмелер, компьютер кабинеті, жаңа құрылғылармен жабдықталатын кинозал болмақ.Келесі кезекте жұмысшы топ Қарасу ауылына қарай жол тартып, онда бой көтеріп жатқан мәдениет үйінің және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бүгінгі жай-күйін бақылады. Спорт кешені құрылысына жауапты «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-гінің өкілдері жұмыстардың талапқа сай, сапалы орындалып жатқанын жеткізді. Ғимараттың пайдалануға берілетін күні де алыс емес. Болашақта бұл спорт нысанында қарасулық жастардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалмақ. Осыдан кейін Қордай ауылы, Жібек жолы көшесіндегі №1,№2 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымымен танысқан қонақтар жауапты тұлғалардың есебін тыңдап, бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін жеткізді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы «Батыс» ықшам ауданындағы 5 қабатты 60 пәтерлі №3 және №4 тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мердігерлер келісімшартқа сәйкес жұмысты жүргізіп, уақытысында аяқтауға бел буған. Аталмыш құрылыс нысандарын аралаған Абдалы Нұралиев жұмысты жүйелі жүргізіп, мерзім мен сапаға көңіл бөлуді ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.