Архивтік құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу — өткен мен бүгінді байланыстыратын маңызды іс. Адам өмірінде естеліктер мен тарихтың орны ерекше. Ал сол тарихты көзімізбен көріп, қолымызбен ұстай алатын ең қымбат қазыналардың бірі — архивтік құжаттар.
Олар тек қағазға түскен жазулар ғана емес, ұрпаққа жететін аманат, елдің өткені мен болашағын байланыстыратын алтын көпір. Архивтік құжаттардың ішінде түрлі мазмұндағы деректер болады: ауыл тарихы, жергілікті мекемелердің хаттамалары, белгілі тұлғаларға қатысты мәліметтер, жер-су карталары, тіпті бір қарағанда ұсақ болып көрінетін хаттар мен фотосуреттер де бар. Бұлардың әрқайсысы өткен күннің шежіресіндей. Бұл құжаттардың сақталуына мекемелердегі әрбір маман өз үлесін қосады. Міне, осы құжаттардың құндылығын анықтау үшін арнайы сараптама жүргізу жұмысы атқарылады.
Қазіргі заманда әрбір мекеменің тиімді жұмыс істеуі үшін құжаттардың дұрыс сақталуы мен оларды уақтылы сұрыптау — басты талаптардың бірі. Осы ретте ведомстволық архивтерде құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу (құжаттар құндылығын анықтау) ерекше маңызға ие.
Құжаттардың құндылығына сараптама — бұл олардың тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық маңызын бағалау арқылы тұрақты, жеке құрам (75 жыл) сақталатын және жойылуға жататын құжаттарды айқындау үдерісі. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы N 326-I, «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №119-НҚ бұйрығы «Орталық сараптау-тексеру комиссиясы және орталық мемлекеттік және арнайы мемлекеттік архивтердің сараптау-тексеру комиссиялары туралы ережелерді бекіту туралы», Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығы «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту» туралы нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл жұмысты әр мекемеде бекітілген сараптау комиссиясының мүшелері және ведомстволық архивке жауапты қызметкер жасайды. Комиссия әрбір істі «Сақтау мерзімдерін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 17 маусымдағы № 279-НҚ бұйрығына сүйене отырып жұмыс жасайды
МЕКЕМЕНІҢ ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ
Құжат айналымын реттейді;
Архив қоймасының сыйымдылығын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді;
Ұлттық тарихымыз үшін құнды деректердің жоғалмауына кепілдік береді.
Ведомстволық архив қызметі — бұл жай ғана қағаз жинау емес, бұл ел жадын сақтау миссиясы. Сондықтан әрбір құжатқа жауапкершілікпен қарау — өткенге құрмет, болашаққа аманат. Архив — бұл өткен күннің хатшысы, бүгінгі күннің куәгері, болашақ ұрпақтың ұстазы.
Құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу – тек техникалық міндет емес, ол – ұлттың тарихи жадын қорғау ісі.
Әрбір мекеме өз архивін тәртіпке келтірсе, біз мемлекет тарихының бүтіндігін сақтаймыз.
Себебі, архивтағы жоғалған құжат-тарихтан өшкен ізбен тең, ал сақталған құжат — келешекке қалдырылған аманат.
Д.ТОКТЫБАЕВА, Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасының «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің архивисті