ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КҮНІ

0

Қордай аудандық мәдениет үйінде Мәуліт мерекесіне орай ұйымдастырылған «Берекет сыры» атты рухани кеш өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, кәсіпкерлер, ақсақалдар, мешіт жамағаты мен имамдар қатысты. Мерекелік кеш Қордай ауылының «Нұрислам» мешітінің имамы Зеин қари Жұмабайұлының Құран оқуымен басталды.

Шараның шымылдығын облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ашып берді.

Бас имам өз сөзінде Мәуліт айының маңыздылығын айтып, Пайғамбарымыздың дүниеге келуімен әлемге нұр шарпығанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар мұсылман қауымға Оның өнегелі өмірінен үлгі алып, ізгі амалдарға ұмтылу керектігі туралы баса айтты.

Шараны «Асыл Мұра» өнер орталығы мен «Шымкент жастары» театрының ұжымы жүргізді. Олар кештің көркемдік деңгейін көтеріп, көрермендерді рухани әсерге бөледі.

Сонымен қатар, кешке қатысушылар Пайғамбарымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін ізгілікті ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, жыршы Мәдіхан Тәжіиевтің «Мәуліт» жырын домбырамен орындауы көрерменге ерекше әсер қалдырды. Іс-шара барысында қысқа көрініс пен сахналық қойылымдар да қойылды.

Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш аясында, Қордай аудандық мешіт жамағаты ұйытқы болып, асарлату дәстүрімен салынған жаңа баспананың кілтін 10 жылға жуық мешіт тазалығын қамтамасыз етіп жүрген қызметкерге табыстады. Бұл маңызды рәсім тұрғындардың қайырымдылық пен өзара көмектесуге деген сенімін тағы да нығайтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.