ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНА 13 ТЕХНИКА ТАРТЫЛДЫ

0

Қазақстанның басым бөлігі, оның ішінде Қордай ауданы суық арктикалық антициклонның ықпалында екені белгілі. Қолайсыз ауа-райы коммуналдық қызмет пен тұрғындардың төзімділігін сынаған сыңайлы, 10-11 қаңтар күндері қалың қар жауып, кейінгі күндері қатты аяз орын алды. Табиғаттың тосын мінезі автокөлік иелерін біраз әбігерге салды, көліктерін оталдыра алмаған қордайлықтар көктайғақ пен аяз салдарынан жұмыс орындарына әрең жетіп, оқушылардың сабағы қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылып, барлық қызметтер жоғары дайындық режиміне ауысты.

Ортақ пайдаланылатын орындар мен жолдарды қардан тазалау үшін барлық коммуналдық шаруашылықтар тартылды. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша, республикалық маңызы бар автожолды қардан тазалау үшін ДЭУ-3 мекемесі тарапынан 13 бірлік техника тартылды (2 грейдер, 2 жүк тиегіш, 1 «МТЗ» тракторы, 8 құрамдастырылған жол машинасы(КДМ). Аудандық маңызы бар жолды тазалау үшін коммуналдық шаруашылық мекемесі тарапынан 5 бірлік техника жұмылдырылған (2 трактор; 1 грейдер; 1 «Урал»; 1 «ЗиЛ»).
Ауа температурасының күрт төмендеуі, қалың қар көліктердің қозғалысын қиындата түсті. Мұндай ауа-райы жағдайында абай болып, жол ережесі қағидаларын бұлжытпай орындаған абзал.
Жол полициясы қызметкерлерінің айтуынша, қар қалыңдығы қандай деңгейде болса да қауіпті. «Қырбақ қардың үстімен жүру қауіпті емес деген пікір жаңсақ. Қар ерігеннен кейін тайғақ мұз қабаты пайда болады, бұл дөңгелектердің жолмен ілінісін төмендетеді. Қар жауғанда көрінімділік азайып, асты мұз болып жатқан қардың үстінен жүріп бара жатқан көлік жүргізушілері темір тұлпарларын тізгіндей алмай, оны тоқтата алмай қалады, бұл жағдайда жол-көлік апаттары жиі орын алып жатады», — дейді жергілікті полиция қызметінің басшысы Елдос Бекқұлов.
Статистикаға сүйенсек, қай өңірде болмасын жол-көлік апаттарының басым бөлігі қыс мезгілінде жиі орын алады. Қыс түспей көліктің шиналарындағы қысым нормаға сай екеніне көз жеткізіп, протектордың тозығын тексерген жөн. Протектор тозған болса, одан да көп шығындарға жол бермеу үшін, шиналарды ауыстырып, ең алдымен өзіңіз бен айналадағы адамдарды қауіп-қатерден сақтау қажет.
Осылайша, қолайсыз ауа-райының салдарынан көліктердің қақтығысы орын алып, өкінішке қарай әртүрлі дене жарақаттарымен зардап шеккендер болды. Жалпы аудан бойынша бес жол көлік оқиғасы тіркелді. Мәселен, «Семейный» және «ГЕО» сауда кешендерінің маңындағы жаяу өтпе жолда көлік көктайғақ салдарынан тоқтай алмай, екі мектеп оқушысын қағып кеткен. Оқушылар жарақат алды.
«Жолда келе жатқанда қалың қар жауып немесе боранға тап болсаңыз, асықпаңыз, бұл жағдайда сақтық танытқан жөн. Көлікті бақылауға алыңыз. Жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықпен жүріп, арақашықтық сақтауға кеңес береміз. Жаяу өтпе жолдың жанында көлікті баяулатып, жолдағы жағдайды бақылаңыз», — деген кеңес береді полицейлер.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.