ҚАРАСАЙДА ЖАҢА САЯБАҚ БОЙ КӨТЕРДІ

0

Қарасай ауылында өзгеге үлгі боларлық игі істер жалғасын табуда. Ауыл жастарының ауызбіршілігінің арқасында округте жаңа саялы саябақ отырғызу жұмысы қолға алынды. «Қордай шамшырағы» газетінің тілшілері шалғайдағы еңбекқорлар ауылына арнайы барып, саябаққа алғашқы жеміс ағаштарының отырғызылуына куәгер болып қайтты.

 

Қарасай аудан орталығынан алыс ауыл болса да, атқарылып жатқан ауқымды істері жетерлік. Бүгінде ауылдың ажары ашылып, көріктеніп кеткен. Округке кіре бергеннен көз жауын алатын арнайы аркасы өзге елді мекенде кездесе бермейді. Өткен жыл қарасайлықтар үшін жемісті жыл болғаны белгілі. Жиырмадан астам көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарық шамдар орнатылды. Ауыл мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Бүгінде білім ошағы адам танысмастай өзгерген. Оқушылар өздерін құдды жаңа мектепте білім алатындай сезінеді. Сондай-ақ, ауылдық амбулатория да күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары жаңарған ғимаратта ем-домын алып жүр. Өткен жылы ауыл жастарының да ұсыныс тілектері ескерілді. Арнайы шағын футбол алаңы ашылып, бүгінде жастар заманауи алаңда доп тебеді. Ауыл әкімдігінің мұрындық болуымен Қарасай батыр ескерткіші маңында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кішігірім тұрғындар серуендейтін орынға айналған болатын. Енді болашақта ауылдың үлкен саябағы болмақ. Оны ауыл жастары қолға алған.  Мұнда жастардың көбі қалалы жерде қызмет етеді. Әйтеседе ауыл десе бүйректері бұрып тұратыны жасырын емес. Ауылдағы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуден бөлек, мешіт маңынан асхана ашылуына сеп болғандарын да айта кеткен жөн. Бүгінде олар бірігіп «Ауыл жастары» ұйымын ашқан. Онда үш жүзге жуық жас бар. Ұйымның өзіндік қоры ашылып, оны ауыл жастары жыл сайын қаржыландырып тұрады. Ұйымның жетекшісі ауылдың белсендісі Нұрлан Маликов.

Ауыл жастары бұл идеяны көптен бері ойластырып келеді. Міне, бүгін сәті туып, саябақтың алғашқы жеміс ағаштары отырғызылып жатыр. Ауыл тұрғындары да ісімізді қолдап, алғыстарын айтып, қолдан келгенше көмектерін көрсетуде, — дейді Н.Маликов.  Саябақ Қарасай ауылынан кіре беріс жерінен орын тепкен. Екі гектарга жуық алқапты алып жатқан орын болашақта ауыл сәніне айналары сөзсіз. Мұнда бүгінгі күннің өзінде 400 ге жуық көшеттер отырғызылды. Тағы да көшеттерге тапсырыс берілген. Аумағы арнайы қоршалып, суару мәселесі де шешімін тапқан. Жастардың тамаша бастамасына арнайы ауыл ақсақалдары мен көрші ауылдардың азаматтары да келген. Алғашқы жеміс ағашы отырғызылмас бұрын ауыл ақсақалы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Асық Уәли батасын беріп, өзі алғашқы алма ағашын отырғызды. Осыдан кейін, барша тұрғындар мен қонақтар бірлесіп тал-дарақтарды тікті.  Осыдан кейін мешіт асханасында арнайы Құран оқылып, дастархан жайылды. Жастар ендігі кезекте орындықтар орнатып, жаяу жүргіншілер жолын салуды жоспарлап отыр екен. Алуан гүлдер егіліп, безендіру жұмыстары да қолға алынбақ.

Ауыл жастарының ұйымшыл-дығы керемет. Осы бастамалары тұрғындардың көңілінен шығуда. Енді бұл жұмыстарды тоқтатпай ілгерілетуді қолға аламыз. Құжат мәселелерін реттеп, саябақты бағып, күтуге арнайы мамандар бөлінетін болады, — дейді ауыл әкімі Күлжахан Елемесова.

Ауыл жастары саябаққа «Достық» немесе «Ынтымақ» атауын беруді жөн көруде. Ендеше өзге ауыл жастарына үлгі болған қарасайлықтардың бұл басамасы өзге ауылдарда жалғасын табады деп сенеміз.

М.Қарабаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.