ҚАРАСАЙДЫҢ ТҰРМЫСЫ ТІКТЕЛІП КЕЛЕДІ

0

…Күндегі әдеттен тыс жол жиегіне тоқтап, таулы дала табиғатын тамашалап келеміз. Туған өлкенің тұнып тұрған көрінісі қандай керемет. Тарам-тарам тау сілемдері, күз мезгіліне қарамай оны қуалай өскен көк майса, төрт түлік малға төсін айқара ашқан кең дала… Шалғайда орналасқан Қарасай ауылына бара жатып осындай көріністі байқап, тамсанасың. Бұрынғы «Алмалы» совхозы – ең әуелі алмасымен аты шыққан мекен. Таулы аймақтың ауа райы қоңыр салқын, алма бау, жеміс ағаштарын өсіруге жаратылғандай. Кеңес үкіметі құрылғанның алғашқы жылдары мұнда бидай өсіруге басымдық беріліп «Колос» совхозы құрылған.

Кейіннен алманың көшеттері отырғызыла бастап, бұл кішігірім совхоздың аты бүт елге әйгілі бола бастаған. Совхоз затына сай «Алмалы» атанып, мұндағы алма бағы екі мыңнан астам гектар жерге жетіп, өнімі сонау Мәскеуге дейін жеткізілген еді. Таулы өңірдің тәттілігі тіл үйірер алмасынан дәм татқан ата-апаларымыз әлі күнге дейін тамсана еске түсіреді сол бір кезді. «Апорт», «Грушевка», «Бабушка», «Золотой превосход», «Белый налив», «Пепел шафран» сынды сұрыптарды жинауға ауыл адамдары түгел жұмылдырылатын. Өкініштісі, Кеңес үкіметі құлдырағаны атақты алма бақтың күйреуіне әкеліп, күйбең тірлік оған бет бұрғызбай кеткен еді. Ауылдағы үйлер бірінен соң бірі босап, тынымсыз жұмыс істеген ауылшаруашылық нысандар қирап, көзге ерсіз көріністерге кімнің болсын көңілі назданатын.

Ал, бүгінгі күні еліміз еңсесін тік көтеріп, ауыл-аймаққа назар аударылып, ауыл шаруашылығына айтарлықтай демеу көрсетіле бастағанда ағайын алма бағын қайта көтеруге әрекет жасауда. Ауыл үшін жасалып жатқан іс-шаралар да оң нәтижесін беруде. Тоқсаныншы жылдары ауылдан үдере көшкен ел туған жерге оралып, тұрақтанып, болашаққа деген сенімдері күшейе түсуде. Ауыл көшелері тегістеліп, әлеуметтік нысандар жөніне келтірілді. Бүгінде Қарасайда зәулім спорт кешені бой көтере бастап, 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы қарқын алды.

Иә, расында елдің елдігін танытатын оның жетістігі, халықтың ауызбіршілігі мен татулығы. Осының бәрі қарасайлықтарда баршылық. Ауылға пайдасы тигізер істе қарасайлықтар бір жұдырықтай әрекет жасайды. Мәселен, біз барған кезде жастар бірігіп асыраушысынан айырылған бір отбасы үйінің шатырын жауып, көмек көрсетуде. Ал, Қарасай батыр ескерткішінің маңына жаңа қырлы тас төселіп, орындықтар орнатылып, көшеттер егіліп жатыр. Жұмыстың бас-қасында ауылдық округ әкімі Күлжахан Елемесова жүр. «Үздік ауыл әкімі» атанған оның жұмысына тұрғындардың көңілі толары анық.

— Біздің ауылға жоғары жақтан көп көңіл бөлініп келеді. Ауыл инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Күзгі абаттандыру екіайлығында «Алмалы» саябағына көшеттер отырғыздық, батыр бабамыздың ескерткішінің айналасы жөнге келтірілуде, осыған демеу көрсеткен жандарға алғыс айтамын. Осы жерде қоғамдық жұмысшылардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Күннің ыстығы, суығына қарамастан еңбек етеді. Олардың көмегімен ауылдағы тазалық сақталса, олар жұмыспен қамтылуда. Ендігі арманымыз орта жолда қалып қойған тас жолдың құрылысы аяқталса, — дейді ауыл әкімі.

Осыдан кейін «Жаниет» жекеменшік балабақшасына бас сұқтық. Біз барғанда балақайлар түскі ұйқыға жатып қалыпты. Байқағанымыз, мұнда бүлдіршіндерге жақсы көңіл бөлінеді. Ғимарат іші керемет безендірілген, мұнтаздай тазалық, кіре берісте бүгінгі ас мәзірі ілініп қойған. Мұның бәрі мекеменің басшысы Бегайым Құрманованың кәсіптілігінен болса керек. Кәсіпкердің өзі алты баланың анасы.

— Жұмыс істегенімізге бес жыл болды. Іргесін күйеуіміз екеуміз қалаған едік, өкінішке орай жан жарым дүниеден озды. Әрине, өте қиын болды. Бірақ, бар күшімді салып, бастаған іске көп көңіл бөлдім. Осыған менің қызметкерлерім көмектеседі. Біз аспаз, тәрбиеші, қарауыл деп бөлініп отырмаймыз. Бәріміз бірге әрекет етеміз. Мәселен, мерекелік іс-шараларда барлығымыз жабылып балақайлардың көңілін көтереміз, — дейді Бегайым Мырзакерімқызы.

Жақында кәсіпкер мектепалды білім беретін қосымша топ ашпақшы. Осыған арналып жаңа ғимарат салынуда. Бұл жерде 4-5 жасар балақайларға білім мен тәрбие беріледі деп жоспарлануда. Жалғызбасты және көп балалы ана болғанына қарамастан кәсібін дамытып жатқан Бегайым Мырзакерімқызының күш-жігері, қайсарлығына таң қаласың.

Алма демекші, биылғы өнім жайын «Саната» шаруа қожалығының басшысы Өмірсерік Байтасовтан сұрастырдық. Жиырма гектар жеміс алқабы бар шаруа көктемдегі үсіктің кесірінен биыл алма аз екенін жеткізді. Десе де шаруа қаймықпайды, келесі жылғы маусымға дайындықты бастап кеткен.

— Шаруаның күні ауа-райына қарайды. Бір жылы мол өнім болса, бір жылы шығынға батасың, — дейді Өмірсерік Байтасов.

Расында, айта берсең ауылдың алған асуы мен жеткен жетістігі көп-ақ. Жақында ауыл тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп, ауыз су мәселесі түбегейлі шешіліп, үлкен шу каналынан бергі тас жол жөнделетініне сеніммен қарайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.