20 қыркүйектен бастап Қордай ауданы аумағында малдың қараусыз жүруінің алдын алу, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қараусыз мал» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шара Қордай аудандық полиция бөлімі тарапынан ұйымдастырылып, ауылдық округтердің аумағында кешенді рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Полиция қызметкерлері мал иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, малдың қараусыз жүруі салдарынан туындайтын қауіптер туралы ескерту жасауда.
Рейд барысында қараусыз жүрген ірі қара, ұсақ мал және жылқы малы тіркеліп, олардың иелері анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Заң талаптарына сәйкес мал иелеріне айыппұл салынып, малды арнайы қора-жайда ұстау, жайылым мен бағу ережелерін сақтау міндеттелуде.
Қараусыз жүрген мал – тек ауыл шаруашылығы саласына ғана емес, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін факторлардың бірі. Әсіресе, елді мекендерге жақын маңда немесе автожол бойында жүрген мал жол-көлік оқиғаларының туындауына себепші болуда. Мұндай жағдайлар адам өліміне немесе ауыр жарақаттарға әкеліп соғуы мүмкін.
Сондықтан Қордай аудандық полиция бөлімі аудан тұрғындарын малға жауапкершілікпен қарауға, оларды арнайы қоршалған аумақтарда ұстауға, жайылым ережелерін қатаң сақтауға және малдың еркін жүріп кетуіне жол бермеуге шақырады. Қоғамдық қауіпсіздік пен адам өмірінің қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Аталған іс-шара алдағы уақытта да жалғасатын болады. Тәртіп сақшылары заң талаптарын сақтау және алдын алу жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп отыруды жоспарлап отыр.