1 қазан – Қарттар күніне орай, аудан әкімінің орынбасарлары Дамира Сүгірбай, Бахыт Сахатов және ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет «Жамбыл облысының Құрметті ардагері», «Қордай ауданының Құрметті азаматы», бүгінде жасы тоқсаннан асқан Асық Уәлиевтің шаңырағына арнайы барып, ардагерді мерекемен құттықтады. Өз кезегінде Бахыт Оңласынұлы қарияның аудан дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, аудан әкімі Бегзат Болатбековтің алғыс хатын табыстап, арнайы сый-сияпатын ұсынды.
Сондай-ақ, Асық Уәлиұлы – Қордай ауданының «Колос Алмалы» совхозында бас инженер болып «табаны күректей» 40 жыл қызмет етті. Зейнетке шыққаннан кейін де 18 жыл бойы Қарасай ауылдық округінде ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде қоғамдық қызметке белсенді түрде араласты.
Өмірден көргені мен істеген еңбегі еш жеміссіз, бағасыз қалған жоқ. Асық Уәлиұлына Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» және «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілді, бірқатар төсбелгі, алғыс хаттардың иегері. Қария қоғамдық шараларға да белсене қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетіп келеді. Бірнеше рет «Атадан аманат – ұрпаққа ұлағат» атты бата жарыстарында бірінші орын алып, «Шежірелі қария» атағын иеленді.
Сонымен қатар, Асық Уәлиұлының алты кітабы жарық көрді. Олардың қатарында «Қарасай ұрпағы – Түктіқұрт ұрпақтары», «Қарасай батыр ұрпақтары», «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді», «Аманат», «Ақ бата», «Қасиетті ақ бата – асыл қазына» сынды туындылар бар. Бұл еңбектер оның ел тарихы мен дәстүрін сақтауға қосқан үлесін көрсетеді.