ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНА СЕНЕТІНДЕР АЗАЙМАЙ ТҰР

0

Бүгінде елімізде қаржы пирамидаларының «қорасына» кіріп кетіп, шыға алмай жүрген жандар аз емес. Ең сорақысы сол, қаржы алаяқтарына алданып, қанша адам сан соғып тығырыққа тірелсе де, қаржылық пирамидамен айналысқандар сотталып жатса да осы бір алдамшы дүниеге сеніп жүргендер де азаймай тұр. Өйткені осындай іс бойынша арыз-шағым көбейген үстіне көбейіп келеді. Сол себепті қаржы пирамидасына кезекті мәрте зер салып, оның схемаларын түсіндіре кетейік.

Қаржы пирамидасы дегеніміз не? Ол заңмен қудалана ма? Қазіргі таңда бұл мәселе қаншалықты өзекті? Әуелі осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Қаржылық пирамида дегенiмiз (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебiнен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдiсi. Яғни пирамиданың бiрiншi қатысушыларына табыс кейiнгi қатысушылардың салымы есебiнен төленедi. Көп жағдайда соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды.

Қаржы пирамидасының белгiлерi қандай? Ондағылар жаңа қатысушыны тартқан сәтте оларға жоғары табысты, кез келген жағдайда ақшалай кірісі болатынын уәде етеді. Таныс адамдар арқылы жарнама жасап, түрлi тренингтер ұйымдастырады. Бүгінде қаржы салу туралы туыстарынан, көршілерінен немесе жеке қоңырау шалу арқылы ұсыныс алмаған адам жоқ шығар. Мұндайда бірден бас тартатындар бар. Дегенмен қызығып, кірісі қанша екенін сұрайтындар да жеткілікті. Өкініштісі, компанияның қаржылық жағдайы, қызметі, табыс көзінен гөрі адамдарды қаржы салу жолдары, одан қандай табыс табатыны және табыс тапқан адамдар туралы ақпарат көбірек қызықтырады. Адамдарға ұсыныс жасаушының қоғамдағы бедел-абыройы мен танымалдылығы да ерекше ықпал етеді. Сөйтіп, өз ақылынан гөрі өзгенің ақылына жүгініп жатады. Бұл дұрыс емес!

Қаржылық пирамидалардың Қазақстанда өркен жаюына елімізде қаржылық институттар мен құралдардың қажетті деңгейде жетілмеуі және халықтың қаржылық сауатының төмендігі себеп. Алданған адамдардың қаржылық пирамидаларға салған қаражатының көлеміне қарасақ, оларда артық ақша барын аңғаруға болады. Олар қаражатын инвестициялауға дайын. Бірақ адал инвестициялық ұйымдар мен нақты өндірістік жобалар жоқ.

Елімізде ішкі инвесторлар әлеуетін пайдалану тәжірибесі мүлде дамымаған. Ол түгіл, бар жиналған ақшаны (мысалы, зейнетақы қорындағы) игерудің, тиімді басқарудың өзі мұң болып отыр. Айналып келгенде бұл мәселе қаржылық институттардың жұмысының әлсіздігі және тиімсіздігінен туындап отыр.

Екінші жағынан, азаматтарымыз қарапайым экономика заңдылықтарын білмейді: шығын мен кірістің арақатынасын ажырата алмайды, ауадан ақша жасауға болатынына сенеді. Халықтың қаржылық және құқықтық сауаты мен мәдениетінің тым төмен болуы да әсер етіп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде айтып өтті.

Таразда қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар ұсталып, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «TheFiniko» жобасын ресми түрде қаржы пирамидасы деп таныған. Өңірде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар «TheFiniko.СОМ» бағдарламасы арқылы салымшыларды тартқан. Олардың қаражатына, яғни криптовалютасына әлемдік биржаларда ойдан шығарылған трейдингті іске асырып, кейін кірісті қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасында бөлгені анықталды, делінген қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында. Ведомство өкілдері «TheFiniko» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласуын сұрап, жан-жақты тексеріс арқылы талайды сан соқтырған жобаға қатысы бар деп танылған азамат пен азаматшалардың заң алдында жауап беруіне барынша ықпал етті.

Қорытындылап айтқанда, халықтың мұндай пирамидаларға алданып қалуының басты себептерi – қаржылық-кредиттiк заңнама саласындағы бiлiмнiң жеткiлiксiздiгi, ақшаны ұстау мәдениетiнiң төмендiгi. Сондай-ақ азаматтардың ақша жинауы және инвестициялауы алаяқтың құрығына түсуге алып келеді. Айта кетейiк, бүгiнгi таңда қаржылық пирамидалар заңсыз деп танылып, дүниежүзiнiң 39 елiнде тыйым салынған. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк кiрiстер комитетi халыққа абай болуды ескертедi.

Ж.БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.