Қауіпсіздік– үлкен жауапкершілік

0

Өрт – бұл адамның өмірі мен денсаулығына, қоғам мен мемлекетке зиянын тигізетін, қоршаған ортаға үлкен материалдық зақым келтіретін, қоршаған ортадағы заттардың бақылаусыз жануы. Өрт уақытымен және кеңістікте көбейетін, жанудан бөлек масса және жылу ауысуын қосатын, ауыр физико-химиялық процесс. Өрт оқиғалары негізінен тұрғын үй секторларында көп туындап отыр. Яғни, өрт басқа орындарға қарағанда азаматтардың үйлерінде жиі орын алады. Оның себептері де әртүрлі. Отты абайсыз қолдану, пештің ақаулығы, электр желілері мен құралдарын пайдалануда өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру сынды оқиғалар жиі кездеседі.

Ең бастысы, үйде от жағылып, қыс бойы пайдаланылатын пеш ақаулы болса, онда ол өрттің баспанада орын алуына бірден бір себепші. Үйдегі пешке аса үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Пеш жаздың күні міндетті түрде жөндеуден өткізілуі тиіс. Балаларға пешті қарауға және жағуға тыйым салынады.

Өрт оқиғаларына басты себепшілердің бірі газ баллондарды пайдаланудағы өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау болып отыр. Газ баллоны өртке қауіптілігімен бірге, үйде жарылысқа себепші болып, үлкен апатқа да соқтыруы мүмкін. Газ баллоны газ плитасына дұрыс орнатылуы қажет. Газ баллонынан газдың шығып жатқанын тек сабын көпіршіктері арқылы тексеруге болады. Газдың иісін ауадан сезген уақытта сіріңке жағуға, темекі шегуге, басқа да электр қондырғыларын іске қосуға болмайды.

Газ шыққанын байқасаңыз, тез арада есік пен терезені ашып бөлмені желдетіп,баллонды далаға шығарып, апаттан құтқару қызметіне хабарласыңыз. Баллонды қыздыруға, егер баллон бұзылған болса, оны өзіңіз жөндеуге тыйым салынады. Өрт оқиғаларына басты себепші электр желісі және өрт қауіпсіздік ережелерін бұзуы болып табылады. Үйге жарық тартқан кезде, көбінесе, оның дұрыс орнатылуы ескеріле бермейді. Ескірген сымдарды қолдану да кездеседі. Осы жайттардың барлығы аяғында өртке әкеп соқтырады. Электр желісі бұзыла қалған жағдайда, кәсіби біліміңіз болмаса, оны өзіңіз жөндеу – өте қауіпті. Сондықтан үйдегі электр желілеріне салмақ түсіретіндей 2-3 электр затын бір мезетте электр қуатына қоспау керек. Өртке келгенде баланың да шалалығы бар. Қолына сіріңке ұстап ойнаған жасөспірімдердің абайсыздығынан болған өрт оқиғалары аз емес.

Өрт қауіпсіздігі – бұл өрт болу мүмкіндігін болдырмау және оның пайда болған кезінде адамдарға, құрылыс және материалдық құндылықтарға өрттің қауіпті факторларының жағымсыз әсерлерін жою үшін қажетті шараларды қолдану болып саналады.

Су– өртті сөндірудің негізгі құралы. Су электр өткізгіш, сондықтан оны тоқта тұрған жүйелер мен жабдықтарды сөндіруге пайдалануға болмайды. Электр сымдарға судың түсуінен қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Құм өрттің шағын ошақтарын сөндіру құралдарының ең қарапайымы. Оның отты сөндірудегі әрекеті – ол жанғаш затты салқындатады.

Химиялық көбіктің құндылығы оның төзімділігінде, жеңілдігінде, ол жанған затты толығымен тығыз жабады және оған ауа жібермейді.

Өртке қарсы қызметке «101» телефон нөмірі бойынша немесе «112» құтқару қызметіне қоңырау шалыңыз. Егер қауіпті болмаса, машинада бар өрт сөндіргішті пайдалануға тырысыңыз. Өрт сөндіру кезінде мотор бөлігінде суды пайдаланбаңыз, себебі бұл электр өткізгіштің қысқа тұйықталуына немесе жанып жатқан жанармайдың таралуына және жану алаңының ұлғаюына әкелуі мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.