Рәміздері күніне орай Емен саябағында «Қазақстан – достық пен татулықтың мекені» тақырыбында Қордай ауданындағы этномәдени орталықтар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Аталмыш шара аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің шағын концерттік бағдарламасымен бастау алып, одан соң көрмені ауданымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов және аудан әкімі Бегзат Болатбеков аралап көрді.
Емен саябағының ортасынан киіз үй тігіліп, екі жағына қатарласа жайылған көрменің бір қатары қол-өнер бұйымдарына арналса, екінші қатарында этномәдени орталықтардың экспозициялары орналастырылды.
Киіз үй ішінде аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері қойылды. Сол жерде атақты Өтеген батырдың шұбар тегенесі де келген қонақтардың назарына ұсынылып, үлкен қызығушылық туғызды.
Өз өнімдері мен мәдениетін паш еткен этномәдени орталықтар әннен шашу шашып, бимен шараның көрігін қыздыра түсті.
Шара соңында қонақтар аудандық орталықтандырылған кітапхананың көрмесімен танысты.
Сондай-ақ, аудан басшысы Бегзат Сейсенқұлұлы биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қордайда «Достық үйі» бой көтергелі жатқанын хабарлап, барлық құжаттар мен қаржылық мәселелер шешімін тапқан жағдайда, құрылыс жұмыстары көп ұзамай басталатынын жеткізді.
Аудандық білім бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен этно мәдени орталықтардың тікелей ұйытқы болуымен өткен шара көпшілік көңілінен шыққаны анық.