ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ – СЕНІМДІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕР

0

Тарихи-мәдени байланыстар негізінде қалыптасқан Түркия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынастар соңғы 30 жыл ішінде Еуразия аймағындағы ең сенімді серіктестік үлгісіне айналды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастау алған интеграция тұрақты түрде дамып келеді. 2009 жылы қол қойылған «Стратегиялық әріптестік туралы келісім» арқылы ынтымақтастық жаңа белеске шықты. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары барысында бекем бауырластық байланысымыз «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді.
Тараптар арасындағы дамып келе жатқан байланыстар екіжақты деңгейде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде де маңызды. Екі ел де өздерінің халықаралық ұстанымдарын қайта айқындайтын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Халықаралық және аймақтық тыныштықты, қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өркендеуді арттыруға мүдделі екі ел ортақ сыртқы саяси көзқарасты ұстанады. Соның айқын дәлелі – «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісім».

Қазақстанның халықаралық жағдайы
Халықаралық саясаттағы оқиғалар көпполярлы жүйенің пайда болуы және қалыптасуы процесін жылдамдатып жатыр. Бұл жаңа үдерісте Азияның маңызы артып, осы ұлы континенттің орталығында орналасқан Орталық Азия халықаралық бәсекеде күрестің маңызды ошақтарының біріне айналуда. Орталық Азия елдері жаңа халықаралық жүйеде өздерінің жаңа рөлдерін анықтауға тырысады. Бұл тұрғыда Азияның екі ірі державасы Ресей және Қытаймен шектесетін, Орталық Азия геосаясатындағы орталық елдердің бірі, Азияны Еуропамен байланыстыратын бағдарда маңызды орынға ие Қазақстанның сыртқы саясатының салмағы артып келеді.
Қазақстанның өз ішіндегі қиындықтармен қалай күресетіні, қандай сыртқы саясат ұстанатыны және Орталық Азия геосаясатында қандай рөл атқаратыны маңызды. Бұл мәселелер тек Қазақстан үшін ғана емес, барлық аймақтық елдер мен жаһандық ойыншылар үшін өзекті.
Біріншіден, егер халықаралық деңгейге қарасақ, Қазақстанның географиялық орналасуы оның кез келген жаһандық ойыншыға тәуелді болуының мүмкін емес екенін көрсетеді. Ресеймен де, Қытаймен де шектесетін Қазақстан үшін ең нашар сценарий – осы екі ұлы державаның арасында қалып қою. Сол себепті Қазақстан салмақты саясат ұстанып, екі елмен де тығыз қарым-қатынас орнатуы керек, бірақ бұл қарым-қатынастар тәуелділік қатынасына айналмауы тиіс. Қазақстан егер осы екі елдің біріне тәуелді болса, ол жағдай екіншісін арандатып, Қазақстан үшін маңызды қауіпсіздік мәселелерін тудыруы мүмкін.
Қазақстанның Батыспен байланысы маңыздылығын жоймайды. Украинадағы соғыс энергетикалық қауіпсіздік мәселесін халықаралық күн тәртібінің алдыңғы қатарына шығарды және осы жерде энергияға бай Қазақстан үшін айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар Қазақстанның Украина соғысы тудырған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң рөл атқаруына мүмкіндігі бар. Қазақстан осы әлеуетті мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін Батыс, сондай-ақ Шығыс елдерімен икемді қарым-қатынас орнатуы қажет. Бұл тепе-теңдікке негізделген көпвекторлы саясат Қазақстанды геосаяси қысым мен тығырықтан құтқарудың маңызды жолы екені де анық. Сондықтан Қазақстан өзінің толық тәуелсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмейтін, жаһандық державалар арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын өте нәзік дипломатияны ұстануда.
Өңірлік деңгейде де Қазақстанның маңызы артып келеді. Халықаралық бәсекелестікте күш Азияға ойысқан сайын Орталық Азия аймағының салмағы арта түседі. Екінші жағынан, халықаралық бәсекеге геосаяси қақтығыстардың ықпалы зор болып тұр. Мысалы, Ауғанстандағы оқиғалар мен Украинадағы соғыс маңызды геосаяси қақтығыс аймақтары екені анық. Энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ахуал Каспий теңізінің стратегиялық маңызын арттыра түседі. Қазақстан Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік осінде стратегиялық дәлізге айналып жатыр.
Өңірдегі оқиғалар Қазақстан үшін де, Орталық Азия елдері үшін де қауіпсіздік жағынан сын-қатерлерін тудырады. Бұл тәуекелдермен жалғыз күресу ешбір елдің қолынан келмейтіні мәлім. Сондықтан қазір аймақтық ынтымақтастық бұрынғыдан да маңыздырақ болып тұр. Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда экономикалық, саяси және әлеуметтік тұрғыдан әлдеқайда тұрақты мемлекет Қазақстан үшін аймақтық тұрақтылық қамтамасыз етілуі керек. Осы аумақтағы өзге елдерге де ынтымақтастық пен тұрақтылықты сақтау үшін Қазақстан қажет.
Қазақстан жаһандық державалармен қарым-қатынасында да, аймақтық саясатында да бейбітшілік пен тұрақтылықты жақтайтын стратегияны ұстанады. Бұл стратегия – көпвекторлы сыртқы саяси түсіністіктің талабы. Көпвекторлы сыртқы саясат дегеніміз – жаһандық алпауыттар арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, аймақтың тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосу. Осылайша, Қазақстан өңір үшін үлгі алатын елге айналады.

Еуразиялық геосаясаттағы
Түркия мен Қазақстан
Қазақстанның жаһандық және аймақтық рөлі тұрғысынан Түркиямен қарым-қатынасы ерекше маңызға ие. Ең алдымен, Түркияның сыртқы саяси басымдықтары мен Қазақстанның басымдықтары арасында ұқсастық бар. Екі ел де ешбір жаһандық державаға тәуелді болмай, өздерінің толық тәуелсіздігі мен стратегиялық автономиясын сақтай отырып, аймақтағы тепе-теңдікті сақтайтын және бейбітшілікке үлес қосатын сыртқы саясатты ұстанады. Сондықтан Түркия мен Қазақстан түрлі жаһандық және аймақтық проблемалар алдында ынтымақтаса отырып, проблемаларды шешуде сындарлы рөл атқаруы мүмкін.
Экономика жағынан Түркия – Қазақстанның Батыс нарығына шығу жолындағы маңызды ел. Екі ел арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастары тұрақты түрде өсіп келеді. Қ.Тоқаевтың Түркияға сапары экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі жандандыратын келісімдерге қол қойылған үлкен бетбұрыс болды. Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастар сауда көлемін арттырып қана қоймай, Қазақстанның Еуропа нарығына шығуын жеңілдетеді. Демек Қазақстан-Түркия қарым-қатынасы Қазақстанның Батыспен экономикалық және саяси қарым-қатынасына оң әсер етеді. Бұл Қазақстанның жаһандық тепе-теңдікті сақтайтын саясатымен әбден үйлеседі.
Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар аймақтық қауіпсіздікке үлес қоса береді. Түркі мемлекеттері ұйымының жетекші елдері ретінде Түркия мен Қазақстан өздерінің аймақтық қарым-қатынастарына құрылымдық сипат беріп келеді. Екі ел аймақтағы ешбір елді шеттетпей, ынтымақтастық негізінде әрекет етеді. Осының арқасында өңірлік интеграциялық үдерістер де серпін алып, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ерік-жігер артып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапарының нәтижесі
Түркия мен Қазақстан арасындағы достықты арттыру және ортақ мүдделерді айқындау тұрғысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың мамыр айындағы Түркияға сапары үлкен маңызға ие. Алты министр мен көптеген жоғары деңгейдегі шенеуніктің қатысуымен өткен сапарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған да өте жағымды мәлімдемелер жасап, достық пейіл танытты. Дегенмен бұл сапар достық туралы рәміздік месседжге ғана мән берілген сапар емес, нақты қадамдар жасалған маңызды сапар болды.
Ең алдымен, екіжақты қарым-қатынастар «Кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілді. Осы тұрғыда қорғаныс өнеркәсібі, әскери барлау, ақпараттық технологиялар, көлік, мәдениет, ауыл шаруашылығы, сауда, кеден, экология, білім, жастар, байланыс және мұрағат салаларында барлығы 15 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер қарым-қатынастардың әрі стратегиялық бағыттарға көшкенін, әрі өте кең ауқымға ие болғанын көрсетеді. Сонымен қатар екі ел арасындағы сауда көлемін 10 млрд долларға жеткізу мақсаты белгіленді.
Қ.Тоқаевтың Түркияға сапарының нақты нәтижелерін төмендегідей атап өтуге болады:
1) Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанның ішкі саясаттағы проблемаларды айтарлықтай еңсергені және ішкі құрылымдық қайта құру үдерісі жалғасып жатқан кезде сыртқы саясаттың да қарқынды жүргізіліп жатқаны көрсетілді.
2) Қаңтар оқиғасы Қазақстанның сыртқы саясатында іркіліс тудырмағаны, Қазақстанның теңгерімге негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастыра беретіні паш етілді.
3) Сапар Қ.Тоқаевтың көп­жақты сыртқы саяси қадамының мазмұнын ашып берді.
4) Қазақстанның сыртқы саясаттағы жаһандық оқиғаларға, дағдарыстарға бейжай қарамайтыны, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы дәнекер болуда конструктивті рөл атқаратыны және осы тұрғыда әрбір мемлекетпен, әсіресе, көршілес елдермен тепе-теңдікті сақтаған байланыс орнататыны аңғарылды.
5) Қазақстанның сыртқы саясатында Түркияның жоғары орны айқындалды, Түркия Қазақстанмен қарым-қатынасын одан әрі дамытуға дайын екенін көрсетті.
6) Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас екі елдің ортақ мүдделеріне қызмет ететін серіктестік ретінде қабылданып қана қоймай, екі ел аймақтық ынтымақтастықты нығайту үшін көпжақты ынтымақтастық құрылымдарында жетекші рөл атқаруға дайын екендерін білдірді. Қол қойылған келісімдер екі ел арасындағы қарым-қатынастың барлық саласын қамтитын кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің мәнін көрсетіп тұр.
7) Мемлекет басшыларының бастамасымен қарым-қатынастың одан сайын арта түсетіні байқалды.
8) Екі ел жаһандық геосаясаттағы өзгерістер мен аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты туындайтын сын-қатерлерге ортақ көзқараста екенін растады. Теннис ойыны осының символдық белгісі ретінде болады.
9) Екі елдің халықаралық құқықты сақтай отырып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнатуға үлес қосуға дайын екені аңғарылды.
10) Қазақстанның ішкі саясатта жүргізген реформаларына Түркияның күшті қолдауы расталды. Негізінде бұл сапарды Түркияның қаңтар оқиғасы кезіндегі достығы мен ынтымақтастығының көрінісі ретінде қарастыруға болады. Сондықтан бұл сапарда Түркияның Қазақстан мен қазақ халқының қасынан табылатыны тағы да анық айтылды.

Екі ел қарым-қатынасындағы көшбасшылардың рөлі
Түркия мен Қазақстанның сыртқы саяси көзқарастарын жүзеге асыруда көшбасшылардың ықпалы зор. Екі президент те теңгерімді, прагматикалық және сындарлы сыртқы саясат стратегиясын ұстанады.
Қ.Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатында да, ішкі реформалар процесінде де маңызды рөл атқарады. Халықаралық тенденциялар да, аймақтық проблемалар да Қазақстанның өте нәзік дипломатия жүргізуін талап етеді. Осы орайда Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы тәжірибесі мен геосаяси мәселелерге сезімталдығы Жаңа Қазақстан үшін үлкен маңызға ие. Қазақстан Президентінің сыртқы саясат саласындағы тәжірибесі де оның елінің белсенді дипломатияны ұстанатынын көрсетеді.
Қазақстанда басталған жаңа реформалық қозғалыс Қазақстанның өсіп-өркендеуінің ең үлкен кепілі деп біледі.
Түркия мен Қазақстан – Шығыс пен Батыс арасындағы саяси және экономикалық тұрғыдан маңызды көпір. Осы себепті Қ.Тоқаевтың Түркияға сапары қатардағы көшбасшылар сапары сияқты болған жоқ. Қ.Тоқаевты Ердоған жоғары деңгейде қарсы алып, екі елдің басшылары қарым-қатынастарды дамытуға ерекше ниет танытты. Бұл ерік-жігер – екі елдің тамыры терең достыққа негізделген қарым-қатынасының алдағы уақытта да сол бағытта нығая беретінінің көрсеткіші. Сондықтан бұл сапар қалыптасқан қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып, алға жылжытуға жасалған тарихи қадам болды.
Мехмет Сейфеттин ЕРОЛ,
Анкара дағдарыс және саясатты зерттеу орталығының (ANKASAM) басшысы, профессор

Leave A Reply

Your email address will not be published.