Қордайға Қонаевтың ескерткіші керек

0

26 мамыр – жексенбі күні Қордайға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Е.Саурықов бастаған бір топ іскер азаматтар республикалық «Ауыл» партиясының аудандағы жұмыс кабинетін ашу мақсатында іс-сапармен келді.

Топ құрамында Жамбыл облысы мәслихатының депутаттары Райқұлов Алтай, Сәрсенбаев Талғат, Тілебаев Ләмзер Жамбыл облысы  бойынша «Ауыл» партиясының жетекшісі Меңдібаев Берікбол сияқты қонақтарды аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов бастаған бір топ аудандық мәслихат депутаттарымен белсенділері қарсы алды. Қонақтар бұл игілікті істі атқару алдында қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мектеп ғимаратының алдына жиналып, оның кіре берісіне орналасқан бюстке гүл шоқтарын қойды. Содан кейін мектеп ғимаратының шығыс жағына өздері алып келген 10 түп шырша ағаштарын отырғызды. Сөйтіп алыстан келген қонақтар Қонаевтай ұлы адамның бюстін гүлге орап, оның есімінен аталатын ғимаратты жасыл желекке бөлеген соң республикалық «Ауыл» партиясы (облыс көлемінде әлі ешбір жерде ашылмаған) кабинетінің ашылу рәсімін жасап лентасын қиды.

Жиналған жұрт аудан орталығынан ашылған «Ауыл» партиясының жұмысына сәттілік тілеп, аудан көлемінде аманат етіп тапсырды. Тиісінше, мәртебелі меймандар айтылған түйткілді істерді барынша оң шешетіндіктеріне сендірді. Дегенмен бұл шаруаны өткізу барысында көкейге келіп тұрған мәселені осы жолдар авторы айтпай қалуға болмайтындығын білдірді.

Оған себепші болған Д.Қонаевтай ұлы тұлғаның бейнесі Қордайдай ауданның бір оқу орнының ауласында жылдар бойы тұрғандығы еді.

Көзінің тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де халқының мәңгілік сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлындай өз заманының адал перзенті болған, қайталанбас ірі тұлға, көрнекті қайраткерге қандай құрмет пен қошемет болса да жарасады.

Осыған сәйкес, уақыт өтіп, заман ағысы басқа арнаға бұрылған сайын Д.Қонаевтың ұлылығы мен данышпандық парасаты биіктей беретіндігі бүгіндері байқалып тұр. Олай болса Дінмұхамед Қонаевқа Қордай ауданының төрінен бір асқақ ескерткішті неге қоймасқа?!

Шынына келгенде түрлі мерекелі күндерде аудан жұртшылығы, сырттан жоғарыдағыдай меймандар келгенде олардың дұрыстап тағзым етіп құрметтейтін қасиетті орынның болғаны керек-ақ.

Меніңше бұл ұсынысты Қордай ауданының жәй тұрғындарынан бастап бүткіл интеллигенциясы түгел дерлік қолдайды деп ойлаймын. Оған қосымша аудан көлемінде өзімізден шыққан данқты адамдарымызға бүгінге дейінгі қойылған ескерткіштерді Қонаев ескерткіші барлық жағынан толықтыра түсері сөзсіз. Осыған қоса айтарым Қонаевтай ұлы тұлғаға ұзындығы тай шаппайтын, оның үстіне ең шеттегі көшенің атын беруіміз бәрімізге сын емес пе? Сондықтан мұны да ойланып, жіберіп алған кемшілігімізді түзеп, Жібек жолындай үлкен даңғылды Дінмұхамед Қонаевтай ұлы тұлғаға берсек, тарихи әділдік болар еді. Осы істерді аудан басшылары қолға алып, көпшілік қолдап жіберсе бұл тірлігіміз келешек ұрпақ алдындағы ең бір тәрбиелігі мол, маңызы терең адами парызымыз болары хақ. Бұған сіздер не дейсіздер, құрметті оқырман?

Әбдібек Сейілханұлы, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.