Қордай аудандық Мәдениет үйінде «Ақ бата» атты аудандық байқау өтті.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бата беру дәстүрін жаңғырту, оның тәрбиелік мәнін жас ұрпақтың санасына сіңіру және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Байқауға ауданның түрлі ауылдық округтерінен келген батагөй қариялар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылар қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігі саналатын баталарды нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Іс-шара барысында қатысушылардың шешендік қабілеті, сөз саптауы және ұлттық дәстүрді дәріптеу деңгейі әділқазылар алқасының назарына ұсынылды. Қазылар құрамында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен мәдениет саласының өкілдері болып, олар қатысушылардың өнеріне жоғары баға берді.
Байқау шартына сәйкес, қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда, бата жатқа айту, белгілі тұлғалардың баталарын орындау және ұлттық салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беру тапсырмалары қамтылды. Қатысушылар өз өнерлерімен қатар, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, көпшілікке өнегелі ой-пікірлерін жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және сый-сияпаттармен марапатталды.