Қордай ауылындағы «Алма» мейрамханасында аудандық «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» мекемесінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік шара өтті. Ізгілік пен игілікті істерге негізделген бұл шараның мақсаты – ерекше күтімді қажет ететін балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, қоғамдағы мейірімділік пен қамқорлықты арттыру болды. Іс-шараға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет арнайы қатысып, балалар мен ата-аналарға жылы лебіздерін білдіріп, денсаулық пен жарқын болашақ тіледі. Мерекелік жиын барысында балаларға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сый-сияпаттар табысталды.
****
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай Орталық саябақта мерекелік іс-шаралар өтті. Айтулы мереке Балалар-жасөспірімдер орталығының «Балдаурен балалық шақ!» атты шарасымен басталды.
Шара барысында балаларға концерттік бағдарламалар, қойылымдар көрсетіліп, түрлі байқаулар, мальбертке сурет салу, асфальтқа сурет салу байқауы, спорттық ойындар (гір тасын көтеру, асық ату, ләңгі тебу, эстафеталық ойындар) ұйымдастырылды. Спорттық ойындарға және сурет салу байқауына белсене қатысқан балаларға мақтау қағаздары мен сыйлықтар берілді.
Балалар-жасөспірімдер шығармашылғы ұсынған концерттік бағдарлама жас достардың көңілінен шықты. Бұл қызықты да думанды шаралар балалар мен жас бүлдіршіндер үшін есте қаларлық және ұмтылмас сәттердің біріне айналары сөзсіз.
****
Қордайдағы «Емен» саябағында «Славяне» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Шара барысында аниматорлар – сайқымазақтар мен скоморох кішкентай қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекенің көркін аша түсті. Сонымен қатар балаларға тегін балмұздақ таратылып, бұл сый олардың қуанышын еселей түсті. «Славяне» этномәдени бірлестігі көрсеткен демеушілігі үшін және балаларға балмұздақ тарту еткені үшін аудандық мәслихат депутаты Сергей Сидоренкоға алғыс білдірді.
****
Балаларды қорғау күніне орай Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығында ерекше көңіл-күйге толы іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кешке «Мол нәсіп» және «Мүгедектерді қолдау – Сезім» қоғамдық бірлестіктері бастамашы болды. Бұл игі шара мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлауға, оларға назар аударуға бағытталды.
Іс-шара барысында балалар үшін түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, шаттыққа толы сәттер сыйланды. Орталық қызметкерлері ертегі әлемінің кейіпкерлеріне айналып, балалармен бірге ойнап, ән шырқап, шынайы мерекелік атмосфера орнатты.
Сонымен қатар, шараға қатысқан балаларға «Экстрим» ойын-сауық орталығына жолдамалар тарту етілді. Бұл тосынсый балалар үшін үлкен қуаныш болды.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілік көрсеткен Замира Дозымбаеваға және барлық ұйымдастырушыларға, сондай-ақ Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұжымына шын жүректен алғыс білдіріледі.
Мерекелік күн балалардың жүзіндегі шат күлкімен есте қалды. Мұндай шаралар – қоғамның әрбір мүшесіне жанашырлықпен қарап, мейірім мен ізгілікті насихаттаудың жарқын үлгісі.
****
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ноғайбай ауылында жаңа балалар ойын алаңшасы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Е. Ешмұрат пен аудандық мәслихат депутаты Ғ.Тұлақбаев қатысып, ауыл тұрғындарын және балаларды мерекемен құттықтады. Шара барысында балалар үшін арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, ойын-сауық іс-шаралары өткізілді. Жаңа ойын алаңшасы ауыл балаларының қауіпсіз әрі көңілді демалуына мүмкіндік береді.
****
1 маусым – Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай Степной ауылында балаларға арналған жаңа ойын алаңы пайдалануға берілді. Аталған іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік жасау. Алаң аумағында түрлі әткеншектер, сырғанақтар мен өрмелеуіш ойын құрылғылары орнатылып, балалардың қауіпсіздігі мен қызығушылығы ескерілген. Заманауи үлгіде салынған ойын алаңы түрлі-түсті сырлармен боялып, қызылды-жасылды шарлармен безендірілді. Бұл бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфераны айшықтай түсті. Іс-шара барысында ауылдық округінің әкімі М.Қарабаев пен ауыл ақсақалдары балаларды мерекемен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, Мәдениет үйі жанындағы өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күйді үстем етті. Салтанатты шара соңында Степной ауылдық әкімшілігі аппаратының қолдауымен балаларға арнап тәттілер мен балмұздақтар таратылып, ұлттық дәстүр бойынша шашу шашылды.
****
Қаракемер ауылында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара өткізілді. Іс-шараны 1978 жылы туған мектеп түлектері өздерінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырды. Мерекелік бағдарлама аясында балалар түрлі ойындарға қатысып, ән айтып, би билеп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Шараның басты мақсаты – бүлдіршіндерге шаттық сыйлау, оларды достыққа, ұйымшылдыққа және белсенді өмір сүруге ынталандыру болды. Мерекелік жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз балаларға арнайы сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, ауыл имамы Данияр Таубалдиевтің бастамасымен ұйымдастырылған бұл игі шара барысында барлық қатысушы бүлдіршіндерге балмұздақтар үлестірілді.