Ағымдағы жылдың 1 тамызынан еліміз бойынша бастау алған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Қордай ауданында қарқынды жүргізілуде.
Бұл науқан аграрлық сектордың шынайы жағдайын түсінуге мүмкіндік беріп, фермерлер мен ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындардың кең ауқымдағы ақпараттарын жинауға бағытталған. Санақтың алғашқы кезеңі, яғни онлайн кезең, 31 тамызға дейін жалғасатындықтан, респонденттер әртүрлі әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы өз ақпараттарын жеңіл әрі тиімді түрде ұсына алады.
Интернет байланысы нашар елді мекендер үшін әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінің ғимараттарында ашылған қызмет көрсету аймақтары тұрғындарға санаққа қатысу үшін ерекше жағдай жасап, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуде.
Статистикалық органдар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, фермерлердің, сондай-ақ үй шаруашылықтарының талаптарын ескеріп, сауалнама нұсқаларын дайындап, респонденттерге сұрақтарға жауап беруді жеңілдету үшін екі түрдегі сауалнаманы ұсынады.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы ел экономикасының аграрлық секторындағы нақты жағдайды айқындап, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі шараларды қабылдауға негіз болатынын атап өту керек.
Айта кетейік, Барлық санаттағы агро мекемелер санақтан sanaq.gov.kz сайтында өте алады. Сұрақтар туындаған жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға немесе sanaq.gov.kz сайтындағы чат-ботқа жазуға болады.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ