Бейсенбі күні Қордай ауданына жұмыс сапарымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев келді. Сапары барысында өңір басшысының орынбасары Отар, Масаншы, Сортөбе, Қордай және Әлжан ана ауылдарындағы бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысына қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жұмыс сапарын Масаншы ауылдық округінен бастап, онда аудан әкімі Рүстем Дәулетпен бірге жобалық құны 57 млн теңгені құраған спорт алаңшасының жай-күйімен танысты. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен қолға алынған нысанның құрылысы қазіргі таңда толығымен аяқталған. Нәтижесінде халықтың қарасы көп шоғырланған ауылда шағын футбол, жеңіл атлетика, стритворкаут және балаларға арналған алаңшалар бой көтеріп, нысан 1300 шаршы метр жерге жайғасыпты. Осындағы жауапты мамандармен тілдескеннен кейін Ержан Жұматұлы Сортөбе ауылдық мәдениет үйінің жағдайымен танысып, сапарын аудан орталығының іргесінен орын тепкен Әлжан ана ауылында жалғастырды.
Айта кетсек, мұнда үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде. Жұмысты «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Ал, жалпы сметалық құны 358 млн теңгені құрайтын нысанның қаржысы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы бөлінген. Құрылыс жұмыстары сәтті аяқталған күнде ауыл балақайлары мұнда күрес, бокс сынды спорттың өзгеде түрлерімен шұғылдана алатын болады. Келесі кезекте Ержан Жылқыбаев осы ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жөндеу жұмыстары жыл басында басталып, тамыз айында аяқталған нысанға қомақты қаражат жұмсалған. Осының арқасында ауыл мектебінің шатыры, едені, жылыту жүйелері ауыстырылып, жылы дәретхана, су және газбен қамту жүйесі салынып, бейнебақылау камералары орнатылған. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары білім ордасының басшылығына заман талабына сай жаңарған мектепте сапа мәселесіне ден қойып, білім деңгейін арттыру керектігін баса айтты.
Ержан Жылқыбаевтың бұдан кейінгі сапары Қордай ауылында жалғасты. Мұнда ол аудандық Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында болып, мекеме басшысы Шынар Бейсенбаева орталықтың мамандармен қамтылуы және материалдық-техникалық жабдықталуы жайында баяндап берді. Айта кетсек, нысан 15 қызмет алушыға арналған. Мекеме басшысының айтуынша, мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, көмекке зәру азаматшалар белгілі мерзімге дейін арнайы мамандардан тиісті көмек алады екен. Сонымен қатар, орталықта мемлекеттік стандартқа сәйкес арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетіні де белгілі болды. Орталықтың ашылуына байланысы Ержан Жұматұлы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан арнайы сыйлықты табыс етті. Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысына қатысып, бірқатар мәселенің мән-жайын анықтады.
Әлібек ОСПАНОВ