2025 жылы адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толады. Бұл – бейбітшілік пен еркіндік жолында миллиондаған адамнын өмірін қиған, ұрпақтарға өшпес өнеге болған ұлы ерлік пен қажыр-қайраттың көрінісі.
Осы ұлы Жеңіске Қордай ауданының азаматтары да өз үлесін қосып, қан майданда жан аямай шайқасты.
Қордай өңірінен Ұлы Отан соғысына 10734 адам аттанып, олардың тең жартысы туған жеріне оралмады. Жерлестеріміз Сталинград шайқасында, Мәскеуді қорғауда, Курск доғасында, Берлин шабуылында ерен ерлік көрсетті. Соғыста көрсеткен батырлығы үшін қордайлық жауынгерлер жоғары марапаттарға ие болды.
Мысалы, Кеңес Одағының батыры – Николай Белашов. Әйгілі Панфиловшылар дивизиясының жауынгері, 28 батырдың бірі. Ол 1941 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста соңғы демі қалғанша жауға тойтарыс беріп, Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. «Данқ» орденінін толық кавалерлері – Василий Евман және Сергей Сердюков. Сонымен қатар, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған 600-ден астам майдангер бар.
Соғыс жылдарында Қордай жерінде майданға арнап қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек дайындалды. Осы ретте, елде қалған қарттар, әйелдер мен балалар – бірге тылда аянбай жұмыс істеп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Бүгінгі ұрпақ – батырлар мұрагері.
Қордайлық ардагерлеріміздің есімі мәңгі есте қалмақ. Бүгінде бірқатар көшелер мен мектептер батырлардың атымен аталып, олардың құрметіне ескерткіштер қойылған. Жыл сайын Жеңіс күніне орай шерулер, кездесулер, ардагерлерге құрмет көрсету шаралары өткізіледі.
Жеңістің, 80 жылдығы – бұл тек тарихқа тағзым емес, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың бағасын ұғынатын сәт. Қордайлық майдангерлердің, өшпес ерлігі бізге аманат, ал сол ерлікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – Қасиетті борышымыз!
Ерлік мәнгі өлмейді! Бейбіт күннің қадірін білейік!
Динара САТЫБАЛДЫ, студент