Таяуда аудан әкімдігінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырыстары өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай басшылық етіп, Жамбыл облысы әкімі аппаратының Терроризмге қарсы қызметті үйлестіру және құқық қорғау органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытжан Саданов, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және аумақтық мекеме басшылары қатысты.
Бірінші кезекте комиссия отырысында ауданның криминогендік ахуалы басты назарға алынды. Тәртіпсіздіктің кез-келген түрін болдырмау, құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларының ағымдағы жылдағы он айындағы жұмысы жайында аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Уәлихан Ағыбаев баяндап берді. Өз баяндамасында ол қазіргі кезде өршіп тұрған интернет алаяқтығы, тұрмыстық зорлық зомбылық, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыс, жол-көлік ережесін бұзу, ұрлық сынды мәселелерді тарқатып айтты. Полицейдің баяндамасын тыңдаған жиынға қатысушылар өздерінің сұрақтарын қоя бастады. Комиссия мүшелері кез келген қылмыстың алдын алуға бағытталған шараларды күшейту қажеттігіне тоқталды. Әр сұрақ бойынша егжей-тегжейлі жауап берген У.Ағыбаев «жоспар құрылған, жұмысты жандандырамыз» деп жеткізді.
Осыдан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсейітов сөз кезегін алып, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар, сонымен қатар қыс мезгіліндегі автожолдардың қауіпсіздігіне байланысты атқарылған іс-шаралар жайын тарқатты.
Комиссия отырысында білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбековтің де баяндамасы тыңдалды. Ол мектеп оқушыларының арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Екі баяндамашыға да комиссия тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, жұмысты жүйеге келтіру бойынша нұсқаулықтар берілді.