23 қазан күні Қордай ауданы әкімдігінде қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрайымы Д.Сүгірбай жетекшілік етті. Күн тәртібінде пробация қызметі есебінде тұрған азаматтармен атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен болашақтағы жоспарлар талқыланды. Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Елеусізова, аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Т.Ошанов, Қордай ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Мықышев, Отар ауылдық округі әкімінің орынбасары Б.Дауталин жыл басынан бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Отырыс барысында пробация есебіндегі азаматтарға қатысты проблемалық мәселелер, олардың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік бейімделуіне кедергі келтіретін факторлар талқыланды. Комиссия отырысын қорытындылай келе, комиссия төрағасы Дамира Маратқызы комиссия мүшелеріне пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 2025 жылға жұмыс орнына квота белгілеу үшін бірқатар мекеме басшыларымен тиісті жұмыс жүргізіп, нақты сараптама жасауды тапсыды.
Олардың қатарында пробация есебіндегі азаматтардың отбасыларындағы жұмысқа жарамды, бірақ жұмыссыз жүрген отбасы мүшелерін жұмыспен қамтуды назарға алу, «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа жолданған тиісті санаттағы азаматтардың міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылуын бақылауды тапсырып, қылмыстық жазасын өтеген адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және қайта қылмыс жасауының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап көрсетті.
Мадина УЗБЕКОВА