Бүгінде зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда өзекті болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл тек жеке отбасылардың мәселесі емес, тұтас қоғамға кері әсер ететін күрделі құбылыс. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балалар психологиялық, физикалық және экономикалық зиян шегеді. Бұл тек олардың өмір сапасын төмендетіп қана қоймай, болашақ ұрпаққа да әсер етеді.
Статистика дабыл қағуда, Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы мыңдаған оқиға тіркеледі, тіпті өлім жағдайы да аз емес. Көптеген жәбірленуші қорқыныш немесе ұялу сезімінен құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Жәбірленушілердің көбі:
— зорлық көрсетушімен бірге өмір сүруге мәжбүр;
— заңгерлік, медициналық немесе психологиялық көмекке қол жеткізе алмайды;
— қоғам тарапынан қолдау таппайды.
КӨМЕК БАР, ТЕК ҮНСІЗ ҚАЛМАҢЫЗ
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызды қадам – бұл жәбірленушілердің үнсіз қалмауы. Қазіргі таңда елімізде дағдарыс орталықтары мен сенім телефондары жұмыс істейді. Мұндай мекемелер заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіп, зорлық-зомбылық құрбандарына жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді.
Дағдарыс орталығына келген жәбірленушілер көбіне қайтып оралуға мәжбүр болатыны байқалады. Мұның себебі:
— зорлық көрсетушінің қысымы немесе манипуляциясы;
— экономикалық тәуелділік;
— балалардың болашағына деген алаңдаушылық.
ҚОҒАМ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?
Зорлық-зомбылық мәселесін тек мемлекет немесе құқық қорғау органдары шеше алмайды. Бұл – бәріміздің ортақ міндетіміз.
- Сана қалыптастыру: Балаларды құрмет пен теңдікке тәрбиелеу.
- Көмек көрсету: Зорлық-зомбылық құрбандарын тыңдап, қолдау білдіру.
- Ақпарат тарату: Дағдарыс орталықтары, заңгерлік және психологиялық көмек туралы ақпаратты бөлісу.
- Құқық қорғау жүйесін жетілдіру: Зорлық көрсетушілермен жұмыс жасауды күшейтіп, жәбірленушілерді қорғау механизмдерін нығайту.
Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – ұзақ әрі күрделі процесс. Бірақ бұл бағыттағы әрбір әрекет маңызды. Әрбір адам зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесе алады: оларды тыңдап, дұрыс кеңес беріп немесе қажетті мекемелерге бағыттау арқылы. Қоғам болып әрекет етсек, зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыруға әбден болады.
Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының көмегін алу үшін +7(778)0521620, +7(707)3731858 нөмірлері арқылы сенім телефонына хабарласыңыз.
А.БЕРДАЛЫЕВА, «Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ психологі