ҰСТАЗ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ТІРЕГІ

0

ҚАҚПАТАС АУЫЛЫНЫҢ АРДАГЕР ҰСТАЗЫ АРЗЫХАН ӘБДӘЛІМҚЫЗЫ ЖАЙЛЫ СЫР.

Ұстаз – ұлттың ұлы тірегі, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы. Бүгінгі қоғамда елеусіз қалып жатқандай көрінгенімен, ұстаздық жол – адам өміріндегі ең қадірлі де қасиетті мамандықтың бірі. Сол қасиетті жолмен өмір бойы адал еңбек етіп, мыңдаған шәкірттің жүрегінен жол тапқан жанның бірі – Қақпатас ауылының ардақты ұстазы, бүгінде зейнеткер Арзыхан Әбдәлімқызы.

Арзыхан Әбдәлімқызы 1963 жылы 18 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында (Сүйінбай Аронұлының туған жері) көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала кезінен білім мен оқуға ерекше ынта танытқан ол 1980 жылы туған ауылындағы Сүйінбай атындағы орта мектепті аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы Шет тілдер педагогикалық институтының неміс тілі факультетіне оқуға түседі.

1985 жылы институтты тәмамдаған соң жас маман жолдамамен Қордай ауданының Қақпатас ауылына келіп, осы ауылда еңбек жолын бастайды. Арзыхан апайдың ұстаздық жолы мен отбасылық өмірі де дәл осы ауылмен тығыз байланысты. Сол жылы ол ауыл азаматы Сейдали Бекқұловпен шаңырақ көтеріп, отбасы құрады. 1985 жылдан бастап Қақпатас ауылындағы Алек Кошевой атындағы (қазіргі Мұстафа Шоқай атындағы) мектепте неміс тілі пәнінен сабақ береді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мектеп қазақ мектебіне айналып, жаңа заман талаптарына бейімделу кезеңінде ол тағы да жауапкершілік танытып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беру ісін қолға алады. 2000 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, 2001 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады.

Арзыхан Әбдәлімқызының ұстаздық жолы – табандылықтың, жаңашылдыққа бейімділіктің және адал еңбектің көрінісі. 40 жылға жуық білім беру саласында қызмет еткен ардагер ұстаздың тәлімін көрген шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі салада еңбек етіп жүр. 2006-2007 оқу жылындағы түлектеріне сынып жетекшілік еткен ол шәкірт жүрегінде мәңгілікке із қалдырған жан.

Арзыхан апай үшін отбасы – өмірінің негізгі тірегі. Ол үш ұл тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, қызы жастай шетінеп кеткен. Қазіргі таңда үш келінінен өрбіген жеті немеренің сүйікті әжесі болып отыр. Зейнетке шыққаннан кейінгі өмірін немерелерінің тәрбиесіне арнап, отбасылық құндылықтарды ұрпаққа сіңіруде.

Қарапайым ауыл мұғалімінің ерен еңбегі мен өмір жолы – жас ұстаздарға үлгі, кейінгі буынға – тағылым. Арзыхан Әбдәлімқызы – ұстаздық жолдың шын мәніндегі жанашыры, ұрпақ болашағына жанын арнаған нағыз білім шырақшысы.

Райхан ЕРЕЖЕПБАЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 1 курс студенті, «Web журналистика факультеті»

Leave A Reply

Your email address will not be published.