ӘЛЕУМЕТТІК ТАУАР ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ КЕРЕК

0

27 қаңтар күні аудан басшысы Мәден Мұсаев Қордай ауылындағы бірқатар сауда орталықтарын аралап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына зерделеу жүргізіп, сонымен бірге қызыл сызықтан асып кеткен кейбір сауда нысандарының иелеріне ескертулер жасап, кәсіпкерлермен жүздесті. Осылармен қатар аудан әкімінің назарынан мәдениет және спорт нысандары да тыс қалмады.

Аудан әкімі алдымен «Шұғыла» сауда үйіне барды. Тек Қордай ауылы емес тұтас аудан тұрғындары көптеп келетін сауда үйінің басшысы Ерсайын Ермеков нысанның жалпы қызметі, әлеуметтік тауарлар бағасының өзгеруі, жалпы азық-түлік нарығы туралы түсініктеме беріп, өз жұмыстары жайында баян етті. Аудан басшысына дүкен жанынан ашылған «Дәмді» деп аталатын наубайхана жұмысы да көрсетілді.
— Мұнда күніне үш мыңға жуық нан пісіріледі. Оған қоса тәтті тоқаштар мен торттар да бар. Үш мың бөлке нанның екі мыңы ауылдарға жөнелтілсе, мың бөлкесі Қордайда сатылымға түседі. Қажетті ұн, май, қанттан ешқандай проблема жоқ. Ал, әлеуметтік тауарлар бағасын шектен асырмау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаудамыз, — деген Ерсайын Ермековке аудан әкімі әсіресе нан бағасын тұрақты ұстап, тұрғындарға жағдай жасау үшін бірқатар ескертулері мен ұсыныстарын айтты.
Осыдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы «СТ-нан» ЖШС-нің наубайханасына барды. Тек Қордай ауылы ғана емес ауданның және Алматы облысының жақын ауылдарына, көршілес Шу ауданына дейін нан жеткізетін серіктестік басшысы Батима Жолдасбаеваға нан бағасын тұрақты ұстау, шекті бағадан асырмау туралы ұсыныстар айтылып, кәсіпкер тарапынан айтылған кейбір проблемалар назарға алынды.
Келесі кезекте Мәден Мұсаев Қордай ауылының қақ ортасынан орын тепкен «Бауырхан» базарына барды. Онда саудагерлермен сөйлесіп, бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Қыс айларында өте суық болатын сауда орнында нәпақасын тауып жүрген жандармен сұхбаттасқан аудан әкімі алдағы жылдары осындай сауда орындарына қатысты үлкен жоспарлар бар екенін жеткізіп, базар басшылығы өкілдеріне мұндағы саудамен айналысатын адамдарға жағдай жасау бойынша ұсынысын айтты.
Осыдан кейін аудан әкімі «Бауырханнан» бастап «Үсен ұлы» базарына дейін жаяу өтіп, жолдағы әрбір сауда нысанына тоқталды. Олардың ішінде қызыл сызықтан өтіп кеткен, заңсыз салынған орындарды шұғыл арада реттеу туралы жауапты мамандарға тапсырма беріп, нысан иелеріне ескертулер айтылды. Әлеуметтік тауар бағаларын сұрастыру, олардың шекті бағадан аспауы туралы әңгіме «Флагман» сауда үйінде де жалғасты. Дүкен директоры Айгерім Жылқыбековамен бірге әр маңызды тауар бағасы, олардың жеткізілуі турасында сөз болды. Аудан әкімі дүкен басшылығына қордайлықтар сүйіп тұтынатын нан бағасын түсіру бойынша ұсынысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Аудан басшысы барған ірі сауда нысандары қатарында «Семейный», «Нұрсәт», «Арзан» сауда үйлері де болды. Мәден Тоқтарбайұлы тек бағаларға зерделеу жасап қоймай, ондағы қызметкерлер мен тұтынушылардың санитарлық тазалықты сақтауын, маска киіп, антисептиктер пайдалану қажеттігін қатаң ескертіп, жауапты мамандарға мұндай талапты бұзғандарға міндетті түрде шара қолдану қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Қордай ауылдық округінің әкімі Бақыт Сахатовқа кейбір сауда нысандарының сырт келбетін жөнге келтіру бойынша кәсіпкерлермен сөйлесу, орталық көшелердегі жаяу жүргіншілер жолының маңын реттеу сынды тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімі Қордай ауылын аралау барысында орталық стадионға да табан тіреді. Қазіргі таңда №18 спорт мектебі балансында тұрған стадионға жөндеу жұмыстары қажет-ақ. Стадионның бүгіні турасында спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев түсініктеме берді. Қазіргі таңда бөлім тарапынан күрделі жөндеу жұмыстарын жасау туралы жоба жасалып, ол облыстық басқармаға беріліпті. Қаржыландыру мәселесі толығымен шешілсе, орталық стадионның көрермен отыратын орнының төбесі жабылып, газоны мен жүгіру жолдары жаңартылмақ. Осыдан кейін аудандық Мәдениет үйіне барған Мәден Мұсаевқа мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Әшір Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жасау бойынша жоспарларымен бөлісті. Осы орайда аудан әкімі есік алдына төселген төсемді жөнге келтіру, Өтеген батыр ескерткішіне түнде жарық беретін шамдарды жөндеу бойынша шұғыл тапсырмалар берді.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.