Сәрсенбі күні Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков «AMANAT» партиясының аудандық филиалында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында 11 азамат өз өтініштерін жеткізіп, түйткілді мәселелерінің оң шешімін табуға ықпал етуді сұрады.
Көтерілген өтініштердің басым бөлігі жер мәселесіне қатысты болды. Сонымен қатар инфрақұрылым, тұрғын үй мен әлеуметтік көмекке байланысты сұрақтар да қозғалды.
Мәселен, Қарасай ауылының тұрғыны ауыл шаруашылығы мақсатында жайылымдық жер сұрап келді. Алайда қолданыстағы тәртіп бойынша мұндай жерлер конкурс арқылы ғана беріледі. Бүгінде жайылым тапшылығына байланысты ортақ пайдалануға ұсынылуда.
Ал Қордай ауылының тұрғыны зағип жандар үшін арнайы жабдықталған кеңсе бөлмесін ашуды сұрады.
Келесі өтінішін білдірген азамат — Әлжан ана ауылының тұрғыны тұрғын үй және атаулы әлеуметтік көмек алу мәселесін көтерді.
Тағы бір тұрғын Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің орналасқан ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін сөз етті. Бұрынғы аудандық полиция бөлімінің бұл ғимараты қазір күрделі жөндеуді қажет етеді. Азаматша аталған нысанды толыққанды пайдалануға мүмкіндік беру үшін жөндеу жұмыстарына қаржы бөлуді сұрады.
Әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков барлық сұрақтарға заң талаптарына сай нақты жауап берді. Кейбір мәселелер бойынша тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне тапсырмалар жүктелді.