ӨЛШЕУСІЗ ҚАЗЫНА, ӨРІСІ КЕҢ ӘЛЕМ

0

Тіл – жанды құбылыс. Тіл – халықтың жаны, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұрат-мақсатына жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. «Адамға екі нәрсе тірек тегі, Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің ұраны мен рәмізі, тірегі мен тілегі сол елдің ана тілі болмақ.
Біздің ана тіліміз – қазақ тілі. Ең бірінші өз тілімізді құрметтеп, оған жанашырлық танытсақ, туған еліміздің тілін ардақтап, тілде сауатты жазып, ойымызды жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болмақ. Әр халықтың өз ана тілі бар. Тіл — жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ қазына. Тілдің құдіреті — ерекше . Ол бітпей жатқанды бітіріп,жетпесті жеткізіп, үзілгенді жалғап отырған дүние. Тілін жоғалтқан ел басқа елдермен терезесі тең болып тұра алмайтындығы белгілі. Сол себепті де, ана тілімізді байытып, уақыт келе өзгеріске ұшырап отырған тіліміздің тазалығын сақтап қалу біздің міндет.
Тіл мәселесі бүгінгі күнгі ең өзектілердің бірі. Жаргон, сленг, жат сөздердің тілімізге кіруі, тіл заңына бағынбауы бұл ғасырдың күн тәртібінен түспеуде. Сондай жат сөздерді сіңіру үшін ең алдымен өз тіліміздің заңына бағындырып, танымастай халге келтіріп, өзгерту қажет. Бұлай болмаған жағдайда жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Сол себептіде тілімізге икемдеп қолданып, ана тіліміздегі өрісі кең сөздермен алмастырып, байытуымыз керек. Біздің еліміз ертеден басқа елдермен саяси, сауда, ғылыми және мәдени байланыста болғандықтан тіліміз басқа тілдермен байытылып отырған. Бұндай сөздер біздің халыққа жаңа заттар, дәстүрлер мен түсініктерге жаңа атаулар берді.Көп тілді білсек көкжиегіміз кең боларын,құрметке ие болатынымызды білсекте, өзіміздің өлшеусіз қазынамыз ана тіліне жетері жоқ. Жалпы қарайтын болсақ, жаңа сөздердің кіруі сөздік қорды толықтырып отырса, бір жағынан көп мөлшерде қолдансақ тіліміздің шұбарлануына әкеліп соғады, тазалығы бұзылады. Сондықтан да , ана тіліміздің қайталанбас әдеби көркемдігін сақтап, өрісі кең тілімізді одан әрі байытып, биік шыңға шығару өз қолымызда. Жат сөздерді қолданбайда, біздің қазақ тілінің өрісі мен мән-мағынасы кең. Тілден асқан байлықтың жоғын білеміз. Мал-мүлік, алтын-күміс түпкілікті байлық емес, күндердің күнінде тозады,сарқылады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін санамыздан шығармайық. Біздің тіліміздің өрісі кең, болашағы жарқын болып қаларына кәміл сенеміз. Себебі тілдің ертеңі мына біз — жастарға аманат.
Ельнура ӨМІРҚҰЛ,
«Тілдерді оқыту орталығы» КММ қазақ тілі оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.