ӨМІРІ ӨНЕГЕ, ҚЫЗМЕТІ ТӘЛІМ

0

«Ердің атын еңбек шығарады».  Әрине, еңбекпен шыққан жақсы атың – өмір жолыңда жаныңа қуат, отбасыңа демеу, жолдас пен әріптеске сыйлы, ағайынға абырой. Осының бәрін бойға жинаған, мемлекеттік қызметтің сан саласында жемісті еңбек етіп, бүгінде зейнет жасқа аяқ басқан Күзербаев Мырзағали Ыстыбайұлының өмір жолы өнегеге толы. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет етуді» білетін Мырзағали аға да асқарлы жасқа жетті.

Күрең күз. Қазан айының өз күшіне енген уақыты. Күндізгі күн шуағының түнге келгенде суыққа қарсылық таныта алмайтын салқын шақ. 5 қазан күні Шудағы Еспе стансасындағы Ыстыбай отбасында маңдайы торсықтай ұл дүниеге келді. Еспеден зымырап өтіп жатқан пойыздар үнімен жас сәбидің іңгәлаған дауысы қатарласа шығып жатты…

Сынаптай сырғыған уақытқа қарсы қояр шамаң бар ма? Минуттар мен сағаттар алға жылжып, айлар өтіп, жылдар жылжыған, балалық шақ пен жігіттік шақ, ел ағасы атанып, немере сүйген сәулелі күндер, осының барлығы бір адамға берілген, өрілген өмір, тіпті, өзіндік бақ.

Өйткені, ауданда талай қызмет атқарып, тек жақсы атымен ел есінде қалған, еңбекқорлық пен адамгершілік аты қос қасиетті бойына жинаған Мырзағали Ыстыбайұлының өмір жолы баршаға мәлім. Біз бүгін әріптестерді сөйлетсек.

 

МӘДЕН МҰСАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері:

 

«Мырзағали Ыстыбайұлы нағыз өнегелі, тәрбиелі отбасынан шыққан азамат. Оны бойынан, мінезінен байқауға болады. Мерейтой иесімен біз 90-шы жылдардан бері жұмыс істеп келеміз. Әртүрлі қызметте әріптес болып, еңбек еттік. Ол өзін қай қызметте болса да білімді азамат екенін, халықпен етене жұмыс жасай алатын жан екенін көрсете білді. Кеңес заманында, одан берірек Тәуелсіздік жылдарында да Мырзағали Күзербаев өзін тек жақсы қырынан көрсете білді. Тамаша ұйымдастырушылығы өз алдына бөлек әңгіме. Ауылдық округ әкімі, аудандық әкімдіктің аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары, «Аманат» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып келді. Менің ойымша, Мырзакеңнің алда әлі де халыққа бергенінен берері мол. Өйткені тәжірбиесі мол, кез келген қызметті оңай еңсеріп кететін ерекшелікке ие азамат.

Жүз жасаңыз, отбасыңыз, жақындарыңыз аман болсын, құрметті Мырзағали Ыстыбайұлы!»

 

 

1977 жылы Алматыдағы Қазақтың Қызыл ТУ Орденді ауылшаруашылық институтына, ғалым-агроном мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1982 жылы сәтті аяқтап шыққан Мырзағали Ыстыбайұлы көп ұзамай отбасын құрып, жан-жары Гүлшат екеуі үлкен өмірдің адуынды айдынына қойып кетеді. Отбасылық өмір, қызметтік жол, қым-қуыт тіршілік бастау алады.

Отар ауылындағы Жамбыл облысының өсімдік қорғау станциясында агроном, арада екі жыл өтпей Красногор аудандық ауылшаруашылық басқармасының аға агрономы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кейінірек Жамбыл облысының комсомол комитетінің нұсқаушысы, одан Меркі ауданының комсомолының бірінші хатшысы. Осының барлығы жас маманға тамаша тәжірибе, алдыға үлкен мақсаттар қоюға алып келді.

1996 жылға дейін Мырзағали Ыстыбайұлы Меркі ауданында қызмет барысымен жүріп, Меркі аудандық Коммунистік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы, Социалистік партиясының ұйымдастыру комитетінің төрағасы, хатшысы, ауылшаруашылық кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары, Меркі аудандық мәслихатының кеңесшісі лауазымдарында шыңдалады. Өмір мен еңбек жолы оны 1996 жылы қыркүйек айында Қордай ауданы әкімінің аппараты басшысы лауазымына алып келген еді.

 

 

БЕКЕН РАМАЗАНОВ, Қордай ауданының Құрметті азаматы: 

 

«Мырғазали Ыстыбайұлының мерейтойы туралы естігенімде бұл азаматпен қашан таныстым деген ой келді. Саралап, өмір жолына бойлап қарасам осыдан 40 жыл бұрын болған екен. Ол кезде мен Красногор ауданы орталығы Отар ауылында қызметте едім. Сол кезде оқу орнынан бізге жолдамамен келген Мырзағали Күзербаевпен танысудың сәті түсті. Қылшылдаған, 22-23 жастағы жігіт. Өсімдік қорғау саласының қызметкері екен. Көп ұзамай ауыл шаруашылығы бөліміне ауысты. Өзінің іскерлігі, пысықтығы, жұмысқа деген ынтасы мен тиянақтылығын ескерген басшылық оны аудандық атқару комитетіне тартты. Красногор аудандық ауылшаруашылық басқармасының аға агрономы, ал төрт айдан кейін аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметіне ауыстырылды. Ол кезде кадр саясаты қоғаммен жұмыс жасай білетін қабілетті, өсетін азаматтарды комсомолдың мектебімен даярлау үрдісі жүргізілетін. Комсомол жұмысын жандандыруда Мырзағалидың сіңірген еңбегі орасан болды. Кейінірек Жамбыл облысының комсомол комитетінің нұсқаушысы, одан Меркі ауданының комсомолының бірінші хатшысы ретінде аудандық Коммунистік партия комитетінің бюро мүшесі болды. 40 жылдық таныстығымызда оның өмірі мен еңбек жолы көз алдымызда өтті. 90-шы жылдары болған қиын кезеңде бір-бірімізден көз жазып қалдық, хабар-ошар алмасу болмады. Кейін Қордай ауданына әкім болып Байжан Мәмбетұлы Әденов келгенде мені орынбасарлыққа шақырды. Сол қызметке барғанымда Мырзағалидың аппарат басшысы болып келгенін көріп, сол жерде қуана көрістік. Содан бері осы ауданымыздың дамуына әрқайсымыз өзіндік үлес қостық. Одан кейін бірлесе кәсіпкерлікпен айналысып, ол салада да өз күшімізді сынап көрдік. Сол кезде де Мырзағалидың іскерлігін байқадық, бағаладық».

Мырзағали Күзербаев шын мәнінде мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен азамат. Әріптестер сөзінің де жаны бар. Бір жылдары ауданның ішкі саясатына жауапты болып, жан-жақтылығымен көзге түссе, құрамына екі ауыл кіретін Қарасу ауылдық округін басқарып, қазір аталмыш ауылға бара қалса сыйлы қонақ ретінде баршаның құрметіне бөленіп жүргені. Аграрлы ауданның ауыл шаруашылығы саласын алға сүйреген аудан әкімінің орынбасары қызметі де талайға үлгі. Ал, жастық шақтағы жалынды кезең туралы замандастардан артық айтар ешкім жоқ.

 

МӘЛІК АТШАБАРОВ, Мемлекеттік қызмет ардагері:  

 

«Мырзағали Күзербаевпен 1984 жылы, ол кездегі Красногор ауданы болып тұрған шақта Комсомол ұйымында қызмет етіп жүріп танысқан болатынбыз. Содан бері арамызда тек сыйластық, азаматтық, әріптестік қарым-қатынас өрбіп келеді. Қуаныш пен қайғыда да қатар болып келеміз. Зейнет жасына да бірге жеттік. Мырзағали Ыстыбайұлы сол кезде жалындап тұрған азамат, елмен ортақ тіл таба білетін ұйымдастырушы, қабілетті қызметкер ретінде көзге түскен болатын. Соның арқасында сол ұйымның бірінші хатшысы ретінде көтеріліп, ол Меркіде, мен Қордайда, үзеңгілес болып қызмет атқардық. Мырзекең сол кезде-ақ ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау үшін мектепті жаңа аяқтаған жастардан комсомол бригадаларын құрып, талай азаматты жақсы еңбек жетістіктеріне жетуге жетелеген жан. Ол еңбегін әрдайым жақсылығын көрген мамандар әлі күнге айтып отырады. Мәселен, сол жылдары Мырзағали құрған бригада облыс бойынша үздік атанып, жүлдеге «УАЗ» автокөлігін ұтып алған да болатын.

 Соңғы жылдары аудандық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы болып, абыройлы еңбек етті. Сол өмір жолында, қызметте әрдайым күліп қана жүретін, сонысымен жан-жағын баурап алатын бір өзіндік қасиеті де бар. Бүгінде ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп, зейнет жасына келіп, ел ағасы атанған Мырзекеңе құтты болсын, жасыңызға жас қосыла берсін, деген достық тілегімді айтамын».

 

2011 жылдан бастап мемлекеттік қызметке қайта оралып, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы, Қарасу ауылдық округінің әкімі, аудан әкімі аппаратының басшысы, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметтерін атқарып, зейнет жасына жетіп, талай жасқа жігер, жанам деген жүрекке от берген Мырзағали Ыстыбайұлын әрдайым жанында қолдап-қоштап отырған жан-жары Гүлшат Ермұхаметованы да айта кетпеске болмайды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, оларды бағып – қаққан, отағасына тіреу, балаларына сүйікті ана бола білген Гүлшат Ешмұханбетқызы ауданның әлеуметтік саласына өзіндік үлес қосқан жан екені де рас.

Біз де Мырзағали Ыстыбайұлын төл мерекесімен құттықтағымыз келеді. Абырой биігінен аласармай, өмір жасыңыз ұзақ болсын!

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.