ӨРТ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

0

24 сәуір күні Қордай ауданының аумағында шартты табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шара орман-дала өрттерінің алдын алу және төтенше жағдай кезінде күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталды.

Жаттығу шынайы сценарийге негізделіп өтті. Оған Қордай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, Қарақоңыз және Қордай мемлекеттік орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінің мамандары, жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

Сағат 10:00-де Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісіне Қаракемер ауылдық округінен тау бөктерінде өрт шыққаны және оның орман аумағына таралу қаупі туралы хабарлама келіп түсті. Ақпарат барлық тиісті органдарға жедел жеткізіліп, аудан мен облыс деңгейіндегі қызметтер шұғыл әрекетке көшті.

Алғашқы болып Қаракемер, Масаншы, Сортөбе ауылдық округтерінің ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмылдырылды. Олар 4 техникамен келген 30 еріктіден тұрды. Кейін өртті ауыздықтау жұмысына Әлжан ана, Жамбыл, Отар, Кенен, Сұлутөр, Сарыбұлақ сынды ауылдық округтердің күштері тартылды. Барлығы дерлік ауыл тұрғындарынан құралған еріктілер жер жырту, жалынның таралу бағытын барлау, жанып жатқан аумақты оқшаулау сияқты жұмыстар атқарды.

Орман өртінің ушығуына байланысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен азаматтық қорғау қызметінің бөлімшелері, сондай-ақ Қарақоңыз және Қордай орман мекемелерінің өрт сөндіру топтары іске кірісті. Олар жоғары өтімді УАЗ автоцистерналарымен, соқасы бар тракторлармен және арнайы жабдықтармен қамтылған.

Сондай-ақ, өртті ауыздықтауға 3 бірлік техника және 10 адам жеке құрамнан тұратын Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің күштері мен құралдары жолданды.

Жаттығу барысында Қаракемер округінің бір өрт сөндірушісі жарақат алып, орталық ауруханаға жеткізілді. Төтенше жағдайды жою штабы құрылып, өрт үш учаскеге бөлініп сөндірілді.

Желдің күшеюі мен жер бедерінің күрделілігіне қарамастан, күштердің үйлесімді жұмысы арқасында жалынның орман қорына таралуына жол берілген жоқ. Жалпы аумағы 35 гектарды қамтыған өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Қайта тұтанудың алдын алу үшін патруль ұйымдастырылып, бақылау бекеттері қойылды.

Оқу-жаттығу орман және дала өрттері кезінде әрекет ететін қызметтердің кәсіби даярлығы мен өзара іс-қимылын тексеруге мүмкіндік берді.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.