ӨЗ ІСІН СҮЙГЕН ЖАН

0

12 мамырда ауданымыздың медбикелері кәсіби мерекелерін атап өтті. Медбике денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі болып табылады. Еңбеккерлердің бұл санаты сапалы медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, ауылдық жерлерде медбикелер таптырмас әрі қажет маман. Өйткені, олар халықпен тығыз жұмыс атқаратын жауапкершілігі бар адамдар. Ал егер алғыс білдірген науқастар медицина қызметкеріне құрметпен қараса, бұл оның лайықты маман екенін көрсетсе керек.

Ауылдастары жылы лебізін білдіріп, құрмет көрсететін осындай медбикелердің бірі – Бибізада Исмаилова. Ол Қақпатас ауылының дәрігерлік амбулаториясында жұмыс істейді. Бибізада Ахилбекқызының өзі айтқандай, Талдықорған қаласында дүниеге келген. Одан кейін отбасы біздің ауданға, яғни Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылына қоныс аударды. Осындағы №26 орта мектепте білім алып, одан кейін Қарағанды медициналық колледжіне оқуға түскен.

– Отбасында алты бала өстік, мен – төртішісімін, – дейді Бибізада.

– Ерте жасымнан әкем менің медицина саласының маманы болуымды армандап, «Осы қызым әлбетте медбике болады», деп айтып отыратын. Мен өзім адамдарға көмектесуді, оларды емдеуді, қолдау көрсетуді, қамқорлық жасауды армандадым. Мектептен кейін еш ойланбастан медициналық колледжге оқуға кеттім.

Бибізада колледжді бітірген соң қарағандылық жігітке тұрмысқа шығып, бірнеше жыл сол жерде еңбек етті. Одан кейін күйеуі екеуі Қақпатас ауылына көшіп келіп, Бибізада жергілікті дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа орналасты.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Әрине, әр жұмыстың қиындықтары болады, бірақ олар уақытша екенін жақсы түсінемін. Өз қызметіңді жан-тәніңмен беріліп атқарсаң болды. Қауырт жағдайлар да болып тұрады. Мәселен, жақында ауылдағы жүкті әйелдің қан қысымы бірден көтеріліп кетті. Бұл жағдайда амбулаторияның бүкіл ұжымы болып көмектестік, – дейді Бибізада.

Қақпатас тұрғындары біздің кейіпкерімізді құрметтейді және әрдайым жылы айтып отырады.

– Біздің Бибізада жауапкершілігі мол, мейірімді адам. Тіпті, кейде бір ауыз жылы сөзбен-ақ ауруыңды емдейді десем болады. Оған кез-келген уақытта хабарлассаң да ешқашан көмегін немесе кеңесін аяған емес, – дейді кәсіби мереке күні ақ халатты абзал жандарды құттықтап келген ауылдық округтің «Асыл әжелер» кеңесінің және аналар кеңесінің төрайымы Мырзакүл Әлмежанова. – Қан қысымын да өлшеп береді, дәрі егіп береді. Біз ауыл әжелері мен аталары мейірімділігі үшін өте ризамыз. Денсаулық сақтау саласында қосалқы рөлдер болмайды: адам өмірі мен денсаулығы үшін күрестің табысты болуы әрбір маманға байланысты. Бірақ көп нәрсе орта буын медицина қызметкерлерінің қолында – медбикелер, олар дәрігерлер үшін, тіпті ең кәсіби мамандар үшін де сенімді тыл. Мейірбикенің жұмысы бір қарағанда ерекше көрінбегенімен, шын мәнінде оңай емес. Ал ауылдық дәрігерлік амбулаторияда қызмет ететін медбикенің еңбегі ерекше баға беруге тұрарлық.

Отыз екі жастағы Бибізада білікті маман ғана емес, ол — аяулы жар, көп балалы ана. Жұбайы Бауыржан Айтимов екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

– Мен таңдаған жолыма өкінбеймін, – дейді Б.Исмаилова.

– Мен үшін ең бастысы – адамдарды тыңдай білу және тыңдау, олардың сауығып кетуіне барынша атсалысу, жанашырлық таныту, әртүрлі жағдайларда көмектесуге тырысу деп білемін.

Иә, адам өмірде дұрыс таңдау жасап, өз ісінен ләззат алса, өмірде бақытты болғаны. Ауданның барша медбикелерін шын жүректен құттықтап, адал да жауапты еңбектері үшін алғыс айтамыз.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.