ӨЗАРА ҮЙЛЕСІМДІ ІС-ҚИМЫЛ ҚАЖЕТ

0

Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Салемовтың төрағалығымен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында аудан тұрғындарымен кездесу өтті.

Іс-шараға Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Жанаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Кадралиев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, әр сала мамандары мен жастар қатысты.

Жиынды ашқан Серік Жақсылықұлы Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша тапсырмаларының маңыздылығын атап өтіп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау және құқықтық тәртіпті нығайту бағытында жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының үйлесімді өзара іс-қимылы қажет екенін жеткізді.

Кездесу барысында Бауыржан Жанаев өңірде құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісіп, қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шараларды атап өтті.

Сонымен бірге, Дамира Сүгірбай аудан көлемінде «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жұмыстарға тоқталса, Біржан Әлімбет жастарға бағыт-бағдар беріп, құқықтық тәртіпке баулу – аға буынның азаматтық борышы екенін атап өтті.

Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов сөз алып, аудан жастарына тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қоюды, қоғамдық тәртіпті сақтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – ұлттық болмыстың негізі екенін ұмытпауға шақырды.

Айбек Кадралиев жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жобалар мен түсіндіру жұмыстары жөнінде баяндады.

Жиын соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Серік Салемов айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету ісіне барша азаматтарды белсенді қатысуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.