Жамбыл облысында пияз жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінге дейін жиналған пияздың көлемі 1 миллион тоннадан асады.
Бұл дақылдың өңірдегі егістік алқабы жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 24,5 мың гектарға пияз отырғызылса, биыл 25,1 мың гектарға егілген. Оның ішінде Шу ауданында – 13,1 мың гектарды, Жамбылда — 5,6 мың гектарды, Қордайда — 3,7 мың гектар және Байзақта – 1,8 мың гектарды құрайды.
Айта кету керек, еліміздегі пияздың 75%-ы Жамбыл облысында өсіріледі. Қазірге дейін аймақтағы шаруалар 1,1 миллион тонна өнім жинап, әр гектардан алынған орташа өнім 458,8 ц/га айналуда.
— Өңірдегі пияз алқабының көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға ұлғайған. 1 гектардан алынатын өнім көлемі де артуда. Мәселен, 2019 жылы орташа өнімділік 273,4 ц/га құраса, 2020 жылы 306,7 ц/га жеткен болатын. Биылғы түсім де көңілден шығады,-дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұлов.
Ағымдағы жылы аймақта егілген пияз дақылының 20 мың гектарына су үнемдеу қондырғылары енгізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мың гектарға артық. Сондай жаңа технологияның игілігін көріп отырғандардың бірі Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округіндегі «Ақкөл» шаруа қожалығы.
— Су үнемдеу технологиясын пайдаланып, қажетті тыңайтқыштың барлығын бердік. Нәтижесінде өнім көлемі артты. Біздің алқаптағы пияздың әр гектарынан 90 тонна, кейбір жерінде 110 тоннадан өнім алынуда. Бұл бұрынғы көрсеткіштен екі-үш есе артық. Егістіктің бұл түрімен айналысқаныма 8 жылдан асты,-дейді шаруа қожалық төрағасы Алтынбек Керімқұлов.
Жиналған өнім облыс тұрғындарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің бірқатар облыстарына да экспортталуда. Сондай-ақ, бір бөлігі сақтау қоймаларына жиналуда.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі