ТАРИХШЫ ҒАЛЫММЕН КЕЗДЕСУ

0

Белгілі ғалым, Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай іссапармен ауданымызда болды. Аудандық ардагерлер кеңесінде өткен басқосуда кеңес төрағасы Біржан Әлімбет ғалымды жиналғандарға таныс-тыра келіп, оның қазақ жеріндегі және алыс жақын шет елдердегі киелі орындарды анықтау, ұлттық болмысымызды айшықтайтын қазақ  жылқысының, тазы иттердің, қыран құстардың шығу тарихынан  тартып, кәдімгі қамшының  қасиетіне дейінгі аса құнды зерттеу еңбектерімен танымал екенін айтты. Ғалымның өзі Қордайға бұл келісінің  жайын былайша түсіндірді.

— Елбасының «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған аса бір игілікті  шара – еліміздегі, сонымен қатар шет мемлекеттердегі қазақтар мекендейтін жерлердегі қазақ ұлтынан шыққан әулие, батыр, би, бағландардың кесенелерін,  жерленген орындарын анықтау болып  табылады, — деді Ахмет Уәлханұлы. — Бұл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеу үшін, келешек  ұрпақ  үшін қажет.  Мен  Қытайдың, Моңғолияның, Ресейдің, Өзбекстанның қазақтар мекендейтін аймақтарына ғылыми экспедицияларды бастап барып, айлап, жылдап зерттеулер жүргізген болатынмын. Ондағы  тарихи ескерткіштердің тұрған орны, тарихи маңызы туралы бірнеше том кітаптар жарық көрді. Ташкенттегі өзбектер «Қарлығаш би» атап кеткен кесененің Төле би бабамыздікі екенін ғылыми тұрғыда алғаш дәлелдеген де мен едім. Ендігі міндет Орта Азиядағы қазақ ұлтына тән киелі орындарды есепке алу. Бұл үшін енді Қырғызстан мен Тәжікстанға, Қарақалпақ елдеріне шығамыз. Індетке байланысты шекара әзірге жабық болғанымен, жұмысты тоқтатпай шекаралық аймақта тұратын өздеріңіздей көкірек көзі ояу азаматтармен кездесіп, кеңесіп алуды жөн көрдім. Ежелден «төскейде малы, төсекте басы» бірге, өздеріңізбен іргелес қырғыз жерінде де ондай киелі жерлер бар болар, — деген тарихшының сөзін қордайлықтар құп алды.

— Әрине бар. Бір ғана Кенесарының өзі не тұрады. Біздің Қордай жерінде 1847 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары орыс патшасы әскер басшылары мен қырғыз манаптарының астыртын сөз байласуы және кейбір қазақ сұлтандарының сатқындығы салдарынан ажал құшқаны мәлім, — деді Қордай  ауданының Құрметті азаматы, Қарасай ауылының ақсақалы Асық Уәли. — Біз бұл қаралы тарихты бала кезімізден естіп өстік. Қырғыздар ханның басын алып орыстарға апарып берсе, денесін «Алмалы» деген сайға, енді біреулердің  айтуынша «Он бір жылға» деген жерге жасырын жерлепті дейді. Кейіннен біздің елден бір экспедициялар шығып, басы жоқ адам сүйегін қазып әкетіп, Алматының шығыс жағындағы Беснайза деген қорымға аманатпен қойыпты деп естідік. Бірақ, ол хандікі ме, басқа ма, беймәлім күйінде қалды. Ол нақ Кенесарының сүйегі болатын болса, бүкіл ел болып, Ресейден Кейкі батырдың бас сүйегін әкеліп, жерлегендей үлкен құрмет көрсетілер еді ғой деп ойлаймын. Демек, қырғыз жерінен батырдың денесін, Ресейден бас сүйегін  іздестіруді жалғастыра беру керек.

— Жуырда әлеуметтік желілерде қырғыз жазушысы Замирбек Осоров пен «Бейбітшілік үшін күрес» қоғамдық қорының мүшесі Валерий Яковлев қазақтың ханы Кенесарыға қырғыз астанасында ескерткіш қойып, орталық көшелердің бірін қазақ ханының атымен атау туралы бастама көтерді, — деді  ардагер журналист Құрманбек Әлімжан. — «Қырғыз халқы оған әділетсіздік жасады. Өмір бойы патша басқыншыларымен күрескен ұлы адам патша  қуғыншыларынан қашып бізге келді. Ол қырғыздың би-манаптары мен халқынан көмек сұрап келсе керек. Ал, біз оның басын кесіп, патша өкіметіне  тапсырдық. Соған қарамастан қазақ халқы бізге деген бауырмалдықты  сақтап қалды. Қырғыздың бір ғана руының билерінің бұл ақылсыз әрекетінен бүкіл қырғызға жаманат келді», деп жазыпты қырғыз жазушысы. Ол бауырлас қазақ халқынан кешірім сұрап, Кенесарыға Бішкектің төрінде ескерткіш орнатылса бұл – қазақ-қырғыз қарым-қатынасын жақсарта түсетін қадам болар, депті. Әрине, жазушының бұл ұсынысына қарсылық білдіргендер де аз болмаған көрінеді. Соларға жауап ретінде: «Егер Кенесары  Шу жазығында қырғыздармен соғысты десеңіз, өзі де өлді. Ал, қырғыздар патшалық Ресей билігінің алдында құрдай жорғалап, ханның мәйітін  қорлады. Бірақ, Шабдан батыр да патша шенеунігі ретінде көп қырғызды өлтірді және сол үшін Ақ патшадан марапат алды. Бішкектің ең үлкен көшесіне аты берілген, ескерткіші де тұр», деп жазды қаламгер. Әрине, қырғыздар жуық маңда Кенесарыға ескерткіш орната қоймас. Бастысы, Кенесары ханның тарихтағы рөліне қатысты әділеттікті қалпына келтіру  туралы  қырғыздардың өз аузымен айтыла бастағаны маңызды болып отыр.  Кене ханның қырғыз жеріндегі мазары нағыз киелі орындардың бірі, сондықтан оны қалайда табу үшін жаңа экспедициялар ұйымдастырылуы керек. Ханның сүйегін қазып әкелу, басына кесене тұрғызу алдағы күндер еншісіндегі қасиетті іс болмақ.

Сондай-ақ, ауданның Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев Өтеген батыр және оның сүйегін 1973 жылы Іле бойынан Қордайға әкеліп жерлеу тарихынан сөз қозғаса, Рақымбай Молдашев 1916 жылғы патша жарлығына қарсы көтерілген «Қызылсай қырғынын» еске алды. Бақыт Байтөле қазақ-қырғыз арасындағы туыстық байланыстарға тоқталды. «Манас» әуежайы аймағын мекендейтін бірнеше  қазақ  ауылдары бары еске алынды. Атыхан Иманалиев  пен Бақытбек Мүсілімов қазақ тарихының ақтаңдақтарын түгендеп, киелі  жерлерді іздеп жүрген тарихшыға алғысын білдіріп, ана тілімізді, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту тұрғысында құнды ой пікірлерін ортағы салды.

Тарихшы ғалым Ахмет Тоқтабай қордайлық ардагерлермен болған кездесудің маңыздылығын атап өтіп, құнды ұсыныс пікірлерге ризашылық білдірді. Аудандық музейдің залдарымен танысты, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде, Кенесарының ақтық шайқасы өткен Кекілік Сеңгірде де болды. Кенесары қолының жүздеген сарбаздары опат болған Майтөбе қорымындағы ескерткіштерді көріп, азаттық жолында құрбан болған батырлардың рухына құран бағыштады.

Анжела Изаева,   аудандық мәдениет үйіне қарасты   тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.