«Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егемен мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін», — деп басталатын салтанатты ант беру рәсімі өткен жексенбіде Қордай ауылы маңындағы Шекара бойынша басқарманың қалашығында өтті.
Осы күні 337 жас сарбаз ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметінің қатарына сап түзеді. Салтанатты Ант қабылдау шарасына әскери бөлім басшылығы, өзара іс-қимыл жасайтын органдардың, ардагерлер және сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Әскери оркестрдың еліміздің Әнұранын орындауынан кейін Қордай ауданы шекара бойынша басқармасының бастығы, подполковник С.Нүсіпжан жалпы ант қабылдаған жас сарбаздарды және шекара басқармасын толық құқылы жаңа буынмен толығуымен құттықтады. Жас сарбаздарға ақжарма тілегін салтанатты шараға арнайы шақырылған азаматтар да жеткізді. Мәселен, Қордай ауданы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Дәулет Қырғызбаев, осы күні қолына қару алып, ел шебін қорғауға баратын жас сарбаздар Әлішер Шаймарданов пен Никита Мартыновтың туыстары ҚР ҰҚК ШҚ ардагері, запастағы полковник Шаймардан Ибраев пен Ауған, Тәжік жерлері мен Таулы Карабах аймақтарында интернационалистік қызметін атқарған ардагер Сергей Мамаевтар үлкен батылдық пен ептілікті, білім мен шыдамдылықты бойға сіңіріп, Отан алдындағы міндетті үнемі есте сақтау қажет екенін жеткізіп, шекара қызметін күзетуге кіріскелі тұрған жастарға ағалық ақылдарын айтты.
Ант қабылдау — Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе, онда мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Осыны жан дүниесімен ескерген Отан қорғаушылар кезекпен ант беріп, еліне адалдығына серт етті. Келесі кезекте арнайы жасақ жауынгерлері әскери техника және иттермен жұмыс жасаудың, шұғыл әрекеттерді көрсету бойынша өнерлерін жалпыға паш етті.
Осы күні ант қабылдаған сарбаздар негізінен Алматы облысынан келген екен. Жамбылдық жауынгерлер де аз емес. Оларды қолдауға келген туыстарына да әскери бөлім тарапынан бірқатар шаралар қабылданыпты. Шекара қызметі басшылығы ата-аналарға сарбаздардың тамақтанатын асханасы, ондағы ас мәзірі, жатын орыны-казарманы, жаттығулар өткізілетін спорт зал және мәдениет үйін көрсетті. Айтпақшы, осы әскери мәдениет үйінде ата-аналармен әскерилер арасында кездесу ұйымдастырылып, барлық сұрақтарға жауаптар берілді. Сондай ақ, осы күні дәстүрге сай жас сарбаздардың ата-аналары және туыстарымен бірге болуына аздаған уақыт берілді.
Ант қабылдаған сарбаздар енді ауданымыз бойынша шекара бөлімшелеріне жіберілетін болады.
337 ЖАС САРБАЗ ШЕКАРА КҮЗЕТЕДІ
Prev Post
Next Post