Отбасылық өмірдің мерейтойы – бұл әр әулеттің өміріндегі ең бір ерекше, жүрекке жылы, маңызды белес. Халық даналығында айтылғандай: «Отбасын құру қиын емес, оны сақтау қиын» – деген сөздің мәні тереңде. Себебі бір шаңырақ астында жарасым тауып, бір-біріне серік болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі өмірлік жарды табу – пешенеге жазылған тағдыр. Бұл – бақыттың кілті.
Міне, сондай бақытқа кенелген жандардың бірі – Сарыбұлақ ауылының тұрғындары Дүйсенбек Әпілбекұлы ӘЛМЕЖАНОВ пен Әлия Дүйсенқызы ЧОЛПОНКУЛОВА. Олар бір шаңырақ астында 45 жыл ғұмыр кешіп, талай белестерді бірге өткеріп, өмір мектебінен сүрінбей өтті. Бірге жүріп, қуаныш пен ренішті, татулық пен түсіністікті қатар сезініп, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан жандар.
Дүйсенбек Әпілбекұлы 1959 жылы Қордай ауданына қарасты Қақпатас ауылында дүние есігін ашқан. Бала күнінен тракторшы әкесінің қасында жүріп, ауыл тіршілігіне ерте араласып, еңбекке бейім болып өсті. 1977 жылы қазіргі Бетқайнар атанған Успеновка ауылындағы техникалық училищені тәмамдап, «механизатор-электромонтер» мамандығын алып шығады. Әскерден оралған соң, 1979 жылы еңбек жолын жүргізуші ретінде бастап, «ГАЗ-53» көлігімен далаға қызылша жинауға шығатын адамдарды тасып, адал еңбекке араласады.
1980 жыл – оның тағдырындағы ерекше бетбұрыс жылы болды. Сол жылы Дүйсенбек аға Сарыбұлақ ауылына көшіп келеді. Бұл жерде ол өзінің өмірлік жары – Әлия Дүйсенқызымен жолығады.
Әлия Дүйсенқызы Чолпонкулова – 1958 жылы Қырғызстанның Талас өңірінде дүниеге келген. 1979 жылы Бішкек қаласындағы (бұрынғы Фрунзе) сауда техникумын «есепші» мамандығы бойынша аяқтап, ел астанасында ревизор болып еңбек жолын бастайды. Бірақ тағдыр оны Сарыбұлақ ауылына бастап келеді.
«Біздің таныстығымыз қызық болды», – деп бастады естелігін Әлия апай. – «Техникумда мен Дүйсенбектің нағашы қарындасымен бір бөлмеде тұрдым. Бесеуміз құрбылар болдық. Ол кезде Дүйсенбек Моңғолияда әскерде жүрген. Қарындасына хат жазып тұратын, біз ол хаттарды бірге оқитынбыз. Бірде ол оралатын болды, ал құрбымыз бізге: «Мен болмасам, сендер қарсы алыңдаршы» деді. Сол міндет маған жүктелді. Сөйтіп, мен оны барлық құрметпен қарсы алдым».
«Қыз маған бірден ұнады, – деп жалғастырды отағасы. – Біріншіден, көркіне көз тоймайтын сұлу еді, екіншіден, қонақжай, пысық, ашық-жарқын екенін аңғардым. Оны көрген сәттен-ақ, анам мен әкем үшін де, өзім үшін де – ең керемет келін болады деп ойладым. Содан көп ұзамай бес құрбысын шақырып, Әлияның басына орамал салып, оны сол сәтте-ақ келін еткім келді. Бірақ ол ақылды, парасатты қыз еді. Асықпай, бір-бірімізді жақын тануға кеңес берді. Сөйтіп, бір жарым жылдай жүріп, ақыры шаңырақ көтердік».
Бүгінде бұл отбасының ең үлкен жетістігі – тату-тәтті, үлгілі ұрпағы. Олар үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы елге елеулі, халыққа қалаулы азаматтар болып қалыптасты.
Үлкен ұлдары Саят – Алматыдағы онкология және трансплантология институтында 1-санатты ортопед-дәрігер. Жұбайы жақ-бет хирургы, қос қызы білім мен өнерде жетістікке жетіп жүр.
Екінші ұлдары Талант – Қордай аудандық фитосанитариялық инспекциясының басшысы. Ол да жұбайымен бірге ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр.
Қыздары Альбина – анасының жолын қуып, есепші мамандығын таңдаған. Қордайда тұрып, төрт баланы тәрбиелеуде.
Кіші ұлдары Елмұрат – ата-анасымен бірге тұрып, шаруашылық басшысы атанған. Гиссар тұқымды қой өсіріп, егін шаруашылығымен айналысады. Жұбайы – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, олар да бір қыз бен екі ұл өсіріп отыр.
Дүйсенбек аға мен Әлия тәтенің немере-шөберелері түрлі салаларда – білімде, спортта, өнерде жетістікке жетіп, ата-анасының, ата-әжесінің мерейін асырып жүр.
Әлия Дүйсенқызы – тек аяулы ана, сүйікті әже ғана емес, сонымен қатар өнерге жаны жақын шебер қолөнерші. Құрақ көрпе тігумен айналысып, байқауларға белсене қатысып келеді.
2024 жылы Әлия апай «Көшпенділер ойындарына» қатысып, шеберлердің арасынан дараланып, оның жұмысы «Қазақстан рекордтар кітабына» енді. Ал биыл Алматы қаласында өткен «Аламан құрақ» атты тарихи құрылтайда 650 қолөнершінің бірі ретінде қатысып, «Гиннестің рекордтар кітабына» енген еңбегі үшін марапатқа ие болды. Көрпеден бөлек, жастық, сөмке, тіпті аяқ киімге дейін тігіп, өнердің сан қырын көрсетіп келеді.
«Менің бұл жетістігімде жолдасымның үлесі зор. Ол менің оң қолым десе болады. Ою-өрнекке сурет салып береді, қандай мата, қандай түс үйлеседі – бәрін кеңесіп, ақылдасып істейміз. Керек кезде тігін машинамды жөндеп береді. Ең бастысы, менің қолөнердегі табыстарымды өзгелерге мақтанышпен айтып жүреді», – дейді Әлия апай.
45 жылдық неке – махаббат пен сыйластықтың жарқын үлгісі.
«Әрине, тұрмыстық қиындықтар болмай тұрмайды. Бірақ біз бір көргеннен ұнаттық бір-бірімізді. Бір жарым жыл сырласып, сосын үйлендік. Шаңырақта ең бастысы – махаббат пен сезім, сыйластық болуы керек. Ондай отбасы – нағыз бақытты отбасы», – дейді Әлия апай.
Оның айтуынша, бақыттың кілті – сабырда.
«Қандай жағдай болмасын, сабырлық керек. Сабырлы адам ғана салихалы ғұмыр кешеді. Өмірімде бірде-бір рет төркініме ренжіп кетіп, қонып көрмеппін. Тіпті күйеуімсіз қонаққа бару деген де болған емес. Бір жолы отағасы екі ай ауруханада жатты. Сонда күнде тамақ дайындап, жанында болдым. Үйге көзім жасқа толып келетінмін. Ол мен үшін қашанда тірек болды», – дейді ол толғана.
Дүйсенбек Әпілбекұлы мен Әлия Дүйсенқызының ғұмыр жолы – адал еңбек пен өзара құрметтің, сыйластықтың, ұрпаққа үлгі боларлық парасаттың үлгісі.
Мадина УЗБЕКОВА