“Су тілсіз жау” екенін ескере отырып келесі ережелерді қатаң түрде есте сақтаған жөн:
— тек рұқсат етілген жерлерде (бассейндерде, арнайы жабдықталған жағажайларда) шомылыңыз;
— арнайы қойылған белгілерден аспаңыз;
— катерлерге, моторлы және ескекті қайықтарға жақын жүзбеңіз;
— қайықтардан, катерлерден, түрлі жүзгіш нысандардан, көпірлерден, жарлардан суға сүңгімеңіз;
Ережеде мынадай жайттарға ҚАТАҢ тыйым салынады:
— тақтайларды, бөренелерді, доптарды, үрлемелі резеңкелерді қолдануға;
— қайықтар, кемелер тоқтайтын айлақтарда шомылуға;
— мас күйде шомылуға;
— бірін-бірі тұншықтырып ойнауға;
— жағажайда спирттік ішімдік ішуге;
— суды және жағажайды ластауға;
— жағажайға үй жануарларын, ит-мысықтарды әкелуге;
— жүзе білмесең белден жоғары жерлерге түсуге;
— қатты ағысты, иірімді жерлерге шомылуға болмайды.
12 жасқа дейінгі жасөспірімдерді ересек адамдардың қарауымен 0,7 метр тереңдіктен аспайтын арнайы жабдықталған орындарға шомылдырған жөн. Суға жүзуге суы мөлдір терең емес, асты біркелкі тегіс, ағысы қатты емес, иірімі жоқ, балдырлары жоқ жерлер таңдалуы керек. Суға түскенде абайлап, асықпай түсіп, терең емес жерден денені суға үйретіп алған дұрыс. Суда 10-15 минуттан артық емес жүзген жөн. Өздеріңізді суда шаршауға, жаурап, қалтырауға дейін апармаңыз. Кез келген жерден судың тереңдігі мен су асты құрылымын білмей сүңгуге болмайды. Суға тек арнайы сүңгуге жабдықталған, суы мөлдір, асты тереңдеу жерлерден сүңгу керек. Суға жүзгенде өзіңізді шаршауға, қалтырауға, ентігуге дейін жеткізбеңіз. Суда жүзіп жүріп кенеттен дене мүшелері, аяқ-қол сіңірлері тырысуы мүмкін.
Алмат СПАНДИЯР, Қордай аудандық ТЖ бөлімінің инженері,
Қуаныш ТАСТЫБАЕВ, Қордай ауданы ТЖБ инженері
азаматтық қорғау лейтенанты