Қазіргі таңда еліміздің шалғай өңірлеріндегі өзекті мәселелердің бірі – білікті медицина кадрларының жетіспеушілігі. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде ерекше сезіледі. Дегенмен, мемлекет бұл түйткілді назардан тыс қалдырмай, оны шешудің нақты жолдарын ұсынуда. Соның бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жас мамандарды ауылдарға жұмысқа тарту және оларды қажетті әлеуметтік қолдау арқылы тарту үшін енгізілген.
Елімізде 2009 жылы бастау алған бұл жоба дәрігерлер мен мұғалімдерге ауылдық жерлерде тұрақтап, жұмыс істеу үшін көтермеақы, тұрғын үй және басқа да жеңілдіктер ұсынады. Жергілікті атқарушы органдардың бұл бастаманы қолдауы ауылдық жерлерде дәрігерлердің жұмыс істеу жағдайларын жақсартуға ықпал етті, сондай-ақ ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырды.
Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қаладан шалғай орналасқан елді мекендерге, алыс ауылдарға, аудан орталықтарына жастар ауылды көркейту үшін барып жатқаны белгілі.
Осы орайда, Қордай аудандық орталық ауруханасына 2023 жылы «Дипломмен – ауылға» келген дәрігердің бірі – акушер-гинеколог Камила Жанұзақова. Ол – Тараз қаласының тумасы.
«Мен 2012 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің «жалпы медицина» факультетіне оқуға қабылдандым. 2014 жылы Астана медициналық унниверситетіне ауысып, 2020 жылы «акушер-гинеколог» мамандығын игеріп шықтым. Сол жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне резидентураға түсіп, 2023 жылы акушер-гинеколог біліктілігін алдым. 2023 жылы білімімді толық жетілдіре түскен соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Қордай аудандық орталық ауруханасына жұмыс істеуге келдім. Қазіргі таңда, ауруханада акушер-гинеколог дәрігері болып жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Жұмыс әрине өте қиын. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір адамның өміріне ғана жауап бермейсің. Сенің мойныңда ана мен нәрестенің өмірі және денсаулығы тұр»,-дейді Камила Мұратқызы.
Бағдарлама шарттары жас маманның көңілінен шықты. Келген беттен облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 800 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақыға қол жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті әкімдік тарапынан 345 мың теңге ақшалай сыйақы алған.
Айта кетейік, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының елімізде үздіксіз жүзеге асырылып жатқанына биыл 16 жылға жуықтады. Бүгінгі таңда, ауылдарға келіп жұмыс істейтін жас мамандар санының көбеюі, олардың мамандық саласындағы біліктіліктері мен жұмыс жағдайларының жақсаруы, бұл бағдарламаның әсерін толықтай көрсетеді. Аталмыш бағдарлама – енді ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті жібермеу болашақ жастардың қолында.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ