АҚЫН ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

0

Алатаудың ақиығы атанған, дүлдүл ақын, бұлбұл әнші, ұлт мақтанышы Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 140 жыл толады. Ұрпағына баға жетпес мұра қалдырған ақын бабамыздың мерейтойын тойлау «Кенен әлеміне саяхат» атты шарамен республика көлемінде басталып кетті.

Бұл іс-шара Алматы қаласындағы «Құрманғазы» атындағы ұлттық консерваториясындағы концертпен басталып, республика бойынша Кенен Әзірбаевтың аты берілген барлық нысандарда аталып өте бастады. Бұл бастаманы ақынның ұрпақтары қолға алып, оларды елімізге белгілі өнер қайраткерлері қолдап, игі іске атсалысып келеді. Оларды атап өтсек: дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаев, опера әншісі Сүндет Байғожин, күйші Нүркен Әшіров, эстрада әншісі Ержан Максим. Осы орайда аталған өнер қайраткерлері біздің ауданға да келіп, бірнеше іс-шараға қатысып кетті.

Олармен бірге Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы, қызы Төрткен Кененқызы және немересі Мұхтар Әзірбаев та келіп, бірінші кезекте Кенен Әзірбаев атындағы Отар ауылдық №41 орта мектепке ат басын бұрды. Атақты жерлесіміздің есімі берілген білім ошағында ақынға бюст орнатылып, кейіннен «Ақындардың атасы алып Кенен, сен жасайсың мәңгілік халықпенен» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шараға ауыл тұрғындары да көптеп жиналды. Мектеп алдына киіз үй тігіліп, Кенен Әзірбаевқа арналған көрме ұйымдастырылды. Мектеп директоры Гүлбану Сатыбалдиева 1932 жылы бастауыш теміржолшылар мектебі болып ашылған білім ошағының өткеніне шолу жасап, іс-шараға жиналған көпшілікке алғысын айтып, барлығын мектеп ішіне шақырды. Мектеп фойесінде әскери оркестрі және ұлттық киімдер киген әйелдер ансамблі ән шырқап, қонақтарды қарсы алды. Бюст шымылдығын ашу Бақытжан Кененұлы мен Төрткен Кененқызына тапсырылып, ақын ұрпақтары әкесінің құрметіне орнатылған ескерткішті ашты. Бюсттің ашылу салтанаты акт залындағы оқушылардың қойған тамаша концертімен жалғасты.

Осыдан кейін алыстан келген қонақтар Кенен ауылына жол тартып, онда ауылдық музейде ақиық ақынның әруағына Құран бағышталып, дәстүрге сай экскурсия ұйымдастырылды. Келесі концерттік бағдарлама Кенен ауылдық мәдениет үйінде өтті. Ауыл тұрғындары мәдениет ошағы залын лық толтырды. Мәдени кешті ақынның ұрпақтары Бақытжан Кененұлы және Төрткен Кененқызы ашып, жиналған көпшілікке алғысын айтып, ұлы тұлғаның есімін әрдайым жоғары ұстап жүру керектігін жеткізді. Өз кезегінде Бақытжан Кененұлы сал-серілік өнердің ұстаханасын ұстаған Кенен ақын жайлы біраз ой түйіндеп, оның әндерінің, өлең-жырларының қаншалықты мәнді-мағыналы екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол әкесінің есімі мәңгі халық жадында сақталатынына кәміл сенетінін айтты. Осыдан кейін ақынның әндері шырқалып, алғашқы болып жерлесіміз Қарлығаш Қожағазина «Бозторғай» әнін орындады. Ән кешін алыстан келген жұлдызды қонақтар жалғастырып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

«Кенен әлеміне саяхат» атты іс-шарасы аясында Кенен ұрпақтары бастаған керуен өкілдері Байзақ ауданы, Шымкент қаласы, Қазығұрт ауданы, Ақтөбе қаласы және Астана қаласында іс-шараларға қатысатын болады. Осындай игі бастамалардың арқасында көзі тірісінде-ақ аңызға айналған ұлы ақынның өмірі әлі талай ұрпақтарымызға өнеге болып қалатынына сенім мол.

Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.