Абай-адамазаттың рухани биігі

0

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». 18-ші қара сөзінде Хәкім Абай осыны кесіп айтты. Расында, дана Абайдың осы сөздері қазіргі заманымызға дөп келіп отырғанын байқамау мүмкін емес. Үкіметіміздің 10 тамызды Абай күні деп жариялауы, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға бұл жөнінде тиісті толықтыру енгізу туралы Қаулы қабылдауы, енді жыл сайын 10 тамыз – Абай күні ретінде мерекеленетіні туралы хабарды үлкен қуанышпен қарсы алдық.

«Адам баласына адам баласының бәрі дос» деген Абай – бір ұлттың шеңберінде қалмай, адамзаттың рухани биігіне көтеріліп, ізгілік пен данышпандықтың үлгісін көрсеткен тұлға. Әуелден-ақ атаның баласы болмай, адамның баласы болуды көздеген арманы, ақынды адамзаттың ардағына, адамзаттың ақынына, адамзаттың ақылманына айналдырды. Әуелі халқының тұңғиық даналығына, қала берді әлем классиктері мен ойшылдарының философиясына терең бойлаған Абайдың болмысындағы биік рухани ілім оны жалпы адамзаттың көгіне шығарды.
Абай мұрасы – кез келген адамға өмірде жол көрсететін дүние. Ол шынымен де кез келген адамға ұлтына, тіліне, дініне қарамай түзу ақыл-кеңесін берген. Аз уақыт ішінде барлық адамзатқа ортақ пайдасы мол қазына қалдыруын ойшылдың тұлғасына тән қасиет дейміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды екенін айтты. Президент Ұлы кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы болғандығын, сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отырғанын жеткізді.
«Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады. Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс», — деді Президент.
Хакім Абайдың «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген адамгершілік қағидасы әрқашан ізгілікке бағыт-бағдар сілтейді. Осындағы «ыстық қайрат» – адамды білімге, ғылымға, еңбекке, алдағы мақсат-мұраттарына ұмтылдыратын ерік-жігері мен құл­шынысы болса, «нұрлы ақыл» – оның ақыл-парасаты, кісілігі, ал «жылы жүрек» адамның айналасына жарық шашып, жылу беретін мейірімділігі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деп атауы, ақын сөзі мен шығармалары өскелең ұрпаққа мәңгі мұра, мәңгілік өсиет ретінде қалатындығын аңғартады.
«…Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін елу жылдан, жүз жылдан қайырмақ. Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарындай боп сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайынан аспандап асып өте бермек», — деген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Ендеше Алатаудай Абай күні мерекесі құтты болсын!

Рүстем Дәулет, Қордай ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.